Шымкентте “аяусыз соққыға жығылған” жасөспірім қайтыс болды

0
158
Көрнекі сурет.

2 маусымға қараған түні Шымкент қаласы Тоғыз ауылының тұрғыны 17 жастағы Абзалбек Өткіров Түркістан облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа сайтының тілшісі хабарлады.

Марқұмның ағасы Алмаз Өткіровтің айтуынша, 23 мамыр күні түнде інісі мен оның жанындағы екі баланы көрші Маятас ауылының бір топ баласы өлімші етіп сабап кеткен.

– Бауырымды көрген кезде құлағынан, басынан қан ағып жатты. Тырнақтары алынып кеткен. Есін білмей жатты. Есін білмеген күйі қайтыс болды, – дейді Алмаз Өткіров.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ауыр жарақаттан миына қан кеткен Абзалбек Өткіровтің қайтыс болғанын растады. Ол жан сақтау бөлімінде есін жинамаған күйі қайтыс болған.

Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу жүріп жатқанын айтады. Оқиғаға кәмелет жасқа толмаған балалар қатысқандықтан, қалалық прокуратура полицияға өзге ақпаратты таратуға рұқсат бермеген.

Қалалық прокуратураның баспасөз қызметімен байланысу мүмкін болмады.

Қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбидің айтуынша, 26 мамырда қалалық тергеу соты оқиғаға байланысты төрт адамды екі айға қамауға алу туралы санкция берген. Олардың үстінен қылмыстық кодекстің “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілердің екеуі – кәмелет жасқа толмаған бала.

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы төбелес жиі болып тұрады. Былтыр қарашада Ақтөбе облысында мектеп оқушылары төбелесіп, 9-сынып оқушысы қаза тапқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз