Елордадағы Тұңғыш Президент музейінің үлкен залында “Nobel Fest” ғылыми фестивалі басталды, деп хабарлайды Kazaknews.kz.
Алғаш болып Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, іс-шараны ашып берді. Одан әрі «Nobel Peace Prize» сыйлығының лауреаты, климат және тұрақты даму бойынша №1 сарапшы Рае Квон Чунг, Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының төралқа төрағасы Исламбек Салжанов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дәрия Қожамжарова сөз алды.
Фестиваль барысында әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі сала ғалымдары мына сұрақтар төңірегінде сөз қозғайтын болады:
GPT-дің бізге қандай пайдасы бар? Климат қалай өзгереді? Блокчейндегі трендтер қандай болады? Роботтар əлемді қашан жаулап алады? Басқа планеталарда өмір бар ма? Келесі пандемия қалай əсер етеді?
Бас қосу үш бағытта өтеді. Инновация, ғылым, білім. Оған қатысушылардың қатарында Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылыми Оскар иегерлері, жоғары деңгейдегі ғалымдар, сонымен қатар стартаптар мен бизнесмендер бар.
Сондай-ақ, Nobel Fest аясында танымал қазақстандық пианист Ratovich-тің қойылымы да ұйымдастырылады деп күтілуде.