Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Ақтөбедегі қазақ-орыс халықаралық университетінің білім беру саласындағы заңнама талаптарын сақтамай отырғанын анықтаған. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік оқу орны бақылау парағының 46 тармағының 32 тармағы бойынша бұзушылық жасағанын хабарлайды. Атап айтқанда, Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттеріне лекцияны біліктілік талаптарына сай келмейтін оқытушылар оқиды. Мысалы, «Әуе көлігін пайдалану» мамандығы бойынша базалық білімі бар мұғалім «Мектепке дейінгі тәрбиедегі инновациялық технологиялар» және «Бастауыш мектепте тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» пәндерінен сабақ береді. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі музыкалық өнердің теориясы мен әдістемесі бойынша сабақтар жүргізеді.
“Профилактикалық бақылау барысында соңғы 5 жылда бірде-бір ғылыми мақаласы жоқ оқытушылар Қазақ-орыс халықаралық университетінде магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік ететіні анықталды және бұлар бұзушылықтардың бір бөлігі ғана”, – дейді сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.
- Студенттер мен оқытушылар туралы нақты деректер ұлттық білім беру деректер қоры мәліметтеріне сәйкес келмеген. Деректер базасында 335 оқушы мен көптеген мұғалім туралы ақпарат жоқ.
- Онымен қоса, университет студенттердің оқу жүктемесі мен оларды қорытынды аттестациядан өткізу талаптарын сақтамаған. Бакалавриат және магистратура студенттері академиялық кредиттерді толық көлемде игермеген.
- Студенттердің білім нәтижесі де көңіл көншітпей, олардың 96%-ы шекті деңгейден өте алмаған. Бұл білім беру қызметінің сапасының төмендігін көрсетеді.
- Университет оқу кабинеттерімен және зертханалық базамен жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Кейбір кабинеттер санитарлық талаптарға сай келмейді.
Университетке барлық анықталған бұзушылықты жоюға уақыт берілген. Алайда Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті көптеген заңбұзушылықты жойып, білім сапасын арттырудың орнына, тексеру нәтижесіне шағымданумен уақыт өткізген.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен комитеттің барлық әкімшілік актісі заңды деп танылып, ал университеттің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Министрлік талапкерлерге, студенттерге және олардың ата-аналарына жоғары оқу орнын таңдау кезінде білім сапасына мән беру керегін тағы да бір мәрте ескертеді.