Нұр-Сұлтанда “Білім-инновация” ата-аналарының форумы басталды

0
212
"Ұстаз, оқушы, ата-ана: Алтын үшбұрыш" атты республикалық форум.

12 сәуір күні Нұр-Сұлтандағы “NURORDA” мектеп-лицейінде, “Ұстаз, оқушы, ата-ана: Алтын үшбұрыш” атты Республикалық форум басталды. Бұл туралы KAZAKNEWS тілшісі хабарлады. 

Қазақстанның әр аймағынан келген 100 ге жуық белсенді ата-ана өзара танысып, арадағы байланыс одан әрі нығая түскендей.

Форумның ашылау салтанаты.

Форумның ашылу салтанатында “Білім-инновация” ХҚҚ-ның президенті Дархан Өте,  “Білім Орда” ХҚҚ-ның Қамқоршылық кеңісінің мүшесі Гүлнар Омарова лебіздерін білдірді.

Назарбаев университетінің вице-президенті Қадиша Дайырова.

Назарбаев университетінің вице-президенті Қадиша Дайырова өзі қызмет ететін Қазақстандағы үздік оқу орнындардың бірінде оқитын студенттердің басым бөлігі БИЛ түлектері екенін айтты. Сондай-ақ жыл сайын лицей түлектерінің басым бөлігі Назарбаев университетіне тапсырғанымен көбі шет елдік университеттерден шақырту алатынын да атап өтті.

“Астана” халықаралық университетінің вице-президенті Рахымбек Жолаев.

“Астана” халықаралық университетінің вице-президенті Рахымбек Жолаев ата-ана, мұғалім және оқушы үштігін бизнес үлгісінде түсіндіріп берді. Аталған үштіктің арасында байланыс туралы да ой өрбітті.

BTS Digital компаниясы Білім орталығының басшысы Саясат Нұрбек.

Семей “Білім-инновация” түлегі, қазір осы лицейлердің ата-анасы Саясат Нұрбек заман көшінен қалмаған жастар жөнінде әңгіме айтты. Жылдар бойы жинаған тәжірибесімен, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жайлы ойларымен бөлісті.

Ата-ана мен мұғалім арасындағы байланысты нығайту мен саналы ұрпақ тәрбиелеу идеясын насихаттауды мақсат тұтқан форумның ерекшелігі ашық әңгіме, пікір алмасу түрінде өтуінде.

Ата-аналар.

Форумның ашылу салтанаты аяқталар тұста “Білім-инновация” лицейлерінің ең белсенді ата-аналары марапатталды.

Марапаттау сәті.

“Ата-ана мен мұғалім бала тәрбиесінде мықты серіктес болуы қажет”

Форум барысында ата-аналарға бірнеше семинар өткізілді. Бірінші семинарда сөзді “USTAZ” кәсіби білім беру орталығының директоры Әлімжан Бекежанұлы алды. 2 сағатқа созылған тренингті тапжылмай тыңдаған ата-аналар өз ойларымен де бөлісті. Семинар соңында Әлімжан Бекежанұлымен сөйлесудің сәті түскен болатын.

“USTAZ” кәсіби білім беру орталығының директоры Әлімжан Бекежанұлы.

“Бүгінгі семинарды қорытындылай кетейін. Мектепте баланы тәрбиелеу үшін екі жақты мүдделі кісі бар. Мұғалім және ата-ана. Осы екіліктің өзара серіктестігі баланың дұрыс тәлім-тәрбие алуына бірден-бір ықпал ететін фактор. Ал, осы серіктестіктің деңгейі қандай болуы қажет? Бұл сұрақ семинар барысында кең талқыланды. Нақтырақ 7 ұстаным ретінде түсіндірілді. Бұл 7 ұстаным шет елдік тәжірибелерге сүйеніп, ата-ананың түрлі рөлін саралай отырып айтылды. Бір ұстанымға тоқталып өтейін. Бұл – балаға жанқияр дос бола білу. Ата-ананың баласы үшін жанын қиюға бар екені бәрімізге белгілі. Яғни ата-ана ерлік жасай алады. Ал мұғалім осы ерлікті тәлім-тәрбие беру жолында қолдана алса тиімділік одан әрі арта түседі. Қоғамда серіктестік деген қаржылай тұрғыдан ары аспай тұр. Моральдық тұрғыдан ата-ана мен мұғалім бала тәрбиесінде мықты серіктес болуы қажет. Себебі, баланың өскен ортасы, дүниетанымы, үй жайы тіпті туыстарының көзқарасы бала тәрбиесіне әсер етеді. Бүгінде мұғалім мен ата-ананың арасында ресмилікпен шектелген алшақтық бар. Шектеулі уақытта ғана жұмыс жүргізілгендіктен нәтиже бола бермейді. Себебі тәрбие беру үздіксіз процесс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда ата-ана мен мұғалім біте қайнаса жұмыс жасауы тиіс. Сонда ғана бала тәрбиесінде елеулі өзгерістер орын алады”, – деді ол.

Күн соңында әр аймақтан келген ата-аналар мектептеріндегі ерекшелікпен бөлісіп өзара пікір алмасты.

13 cәуір күні форумға қатысушылар ҚР Ұлттық музейі мен Назарбаев Университетіне танымдық саяхат жасап, “Білім-Инновация” лицейінің оқушылары арасында өтетін “КТЛ-Көңілді тапқырлар Лигасы” финалдық ойынына қатысады.

Abdimanap KENES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз