24 сәуір таңертең Нұр-Сұлтандағы дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицейіне қабылдау емтиханын тапсырған оқушылардың алғашқы легі үшін сынақ аяқталды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда “Білім-инновация” лицейлеріне қабылдау емтиханы басталды
6-сыныпты аяқтап білімін ары қарай тереңдетіп жалғастырғысы келетін оқушылардың көбі емтиханға алдын ала ұзақ дайындалғанын айтады.
Үміткер оқушылардың біразы болашақ мамандықтарының негізін БИЛ-да алған білім арқылы байланыстырады.
Кейбірі осы лицейлерде ата-анасының оқығанын айтып сол кісілердің нұсқауымен тапсырып жатқанын айтты. Олардың арасында тіл үйренуді мақсат еткендері де болды.
Лицей директоры Эльбрус Пириевтің айтуынша білім ордасына түскісі келетін оқушылар саны жыл сайын артып жатқанын жеткізді.
“Мектебімізде қабылдау емтиханы өтетін күн біз үшін үлкен маңызға ие. Жыл сайын осы уақытты ұстаз, оқушы және түлектерімізбен асыға күтеміз. Себебі осы емтихандардан іріктеліп алған балалар бес жыл бойы білім жолындағы сапарын лицейімізде жалғастырады. Өткен жылы пандемия болса да 1070 бала сынақ тапсырып, 60 баланы іріктеп алған едік. Жыл сайын үміткерлер саны артып келеді. Осыған орай бәсеке де қызу болары анық. Лицейге түсу де қиындай бермек. Сонымен қатар оқушылардың көбі 4-5 сыныптан түрлі курстарға барып дайындалады. Биыл 1310 бала тапсырып жатыр. Үміткерлер саны өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артқан. Бұл сапаға да әсер етеді деген пікірдемін. Мақсатымыз осы сынақтан сүрінбей оза шапқан оқушылармен тек елімізде ғана емес әлемдік деңгейде білім бәсекелерінде жетістікке жету”, – деді ол.
Емтиханға тіркеу 1 наурыз бен 23 сәуір аралығында онлайн түрде жүзеге асты.
Сынақтың екінші туры 8 мамырда өтеді деп айтылады. Бұл мерзім пандемияға байланысты өзгеруі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақ бала Кэмбридж университетіне шақырту алды
“Білім-инновация” лицейлері (бұрынғы КТЛ) Қазақстанда 1993 жылдан бастап ашыла бастады. Лицей емтиханына елдегі 6-сыныпты бітірген кез – келген оқушы тапсыра алады. Білім мен тәрбиені қатар қоятын мектептерден осы уақытқа дейін көптеген халықаралық олимпиада жүлдегерлері түлеп ұшты. Олар Қазақстанның дамуы үшін түрлі салада қызмет етіп жатыр.