Қазақстанда ревакцинация қараша соңында басталады

0
171
Нұр-Сұлтандағы екпе алу пункті.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі халыққа екпе салу жөнінде консультативтік комиссиямен бірігіп, азаматтарға коронавирусқа қарсы вакцинаны қайта салу (ревакцинация) науқанының ережелерін бекітті. Бұл туралы 13 қазанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook парақшасында хабарлады.

Министр жазбасына қарағанда, Қазақстанда ревакцинация қарашаның соңында басталады. Коронавирусқа қарсы қосымша доза (бір доза ғана) екпенің қос дозасын алғаннан соң 6-9 ай өткеннен кейін салынады.

ДСМ дерегінше, республикада ақпан мен мамыр аралығында шамамен 600 мың адам коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Вакцина бірінші кезекте осы азаматтарға салынады.

Ревакцинациядан өтуі тиіс топтар:

  • Медицина қызметкерлері, педагогтар, күштік құрылым өкілдері, жергілікті өзін-өзі басқару және жабық мекеме қызметкерлері;
  • 60-тан асқандар;
  • Коронавирусқа қарсы антиденесі қалыптаспаған азаматтар;
  • Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алса да, коронавирусқа шалдыққандар;

Денсаулық сақтау министрлігі жұрт алғаш салдырған коронавирусқа қарсы вакцина түрін таңдамауға кеңес берді. Тактикаға сәйкес:

  • Бұған дейін векторлық вакцина (Спутник) салдырғандар 9 айдан кейін инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе Pfizer сияқты РНК-вакцина әдісімен әзірленген вакцина салуы тиіс;
  • Ал инактивті екпе алғандар алты айдан соң векторлы (Спутник) немесе Pfizer сияқты РНК-вакцина әдісімен әзірленген екпені салдыра алады;
  • Ал РНК-вакцина әдісімен әзірленген екпесі бар адамдар алты айдан соң вакцинаның қалған түрлерін (Спутник, Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) салдыра алады.

“Бір екпені қайта салдыруға тыйым салынбаған. Бірақ әртүрлі өндіріс әдісімен әзірленген республикада тіркелген басқа вакцина пайдалануға кеңес беріледі. Коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімді түбегейлі түрде бекітеді” деп жазды министр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз