Шенеуніктер сапалы дәрілерді таңдау мүмкіндігін бермей келген

0
24

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық сырқаттардың инновациялық препараттарға қол жеткізуін жасанды түрде шектеп келген. Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі анықтады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлемде түрлі клиникалық тексерулерден өтіп, тиімділігі, қауіпсіздігі танылып, тіркеуге алынған кез келген дәріге қазақстандықтар қол жеткізе алмайды. Себебі, олар елімізде сатылуы, тіпті декларацияланып, Қазақстан аумағына заңды түрде кіруі үшін оның бәрі республикада тіркелу рәсімінен өтуге тиіс. Онсыз кеденшілер тәркілеп, жойып жіберуі мүмкін.

Дәл осы тетікті шенеуніктер қара басының мақсатына пайдаланатын көрінеді. Мысалы, Денсаумині бұл саланы монополияландырған және оның тізгінін өзінің квазимемлекеттік ұйымына басыбайлы ұстатқан. Басқаша айтқанда, ұлттың саулығы не халық, не Парламент бақылай алмайтын жалғыз кәсіпорынның шешіміне тәуелді болып қалды.

«Талдау барысында анықталғандай, Денсаулық сақтау министрлігі өзінің құқықтық актісімен Формулярлық комиссия үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға кәсіби сараптама жүргізу бойынша айрықша құқықты “Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығына” беріп қойған. Дәл осы орталық Формулярлық комиссияға арнап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау бойынша қызметтер нарығына 100% үстемдік ететіні белгілі болды», – деп хабарлады агенттік.

Яғни, бұл қызметтердің тұтас нарығының жүз пайыз үлесі – осы бір ғана орталықтың еншісінде.

Жалпы, бүгінде бұл монополистің қолында қанша қаражат айналатыны белгісіз: орталық соңғы жылдардағы есебін жариялауды доғарған. Оның ресми сайтында тек 2021 жылғы қаржылық есебі толық орналастырылған. Онда орталықтың түсімі 2020 жылғы 1 млрд 378 миллион теңгеден 2021 жылы 559,4 миллион теңгеге дейін күрт төмендегені көрсетілген.

Бұл проблемаларды бұрынғы Мәжіліс депутаттары да талай көтерген еді. Биліктің енді ғана естігені қайран қалдырады. Салдарынан қазақстандықтар өз дертіне дауа, еміне шипа болатын дәрілерді елімізден, дәріханалардан таба алмай, шетелге шыққан туыстарынан, таныстарынан сырттан әкелуді қиыла сұрауға мәжбүр болып жүр.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бүгінде аққұла Қазақстанда инновациялық препараттарды мемлекет кепілдендірген медкөмек (ТМККК) тізіміне қосу да шектен тыс күрделендірілген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз