Психобелсенді заттарды бір рет пайдаланғаны анықталған және құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктің даму қаупі бар тұрғындар психикалық денсаулық орталықтарының ақпараттық жүйесіне енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматыда «Ментальды денсаулық, психоәлеуметтік аспектілер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға 200-ге тарта шетелдік және еліміздің басқа өңірлерінің психикалық денсаулық орталығының кәсіби мамандары қатысты.
Іс-шара барысында республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Қуаныш Алтынбеков, психобелсенді заттарды бір рет пайдаланғаны анықталған адамдар және құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктің даму қаупі бар тұрғындар жайлы деректерді психикалық денсаулық орталықтарының ақпараттық жүйесіне енгізе отырып, консультациялық есепке алуды ұсынды.
«Мұндай есепке алудың мақсаты – адамды жазалау емес, оған көмектесу және ол жайында құпиялылықты сақтай отырып, кеңес беру, ақпараттық көмек және психологиялық қолдау көрсету», – деп түсіндірді Қуаныш Алтынбеков.
Ресми дерекке сәйкес, елімізде 303 284 адам, халықтың 1,5%-ы психикалық денсаулық орталықтарында динамикалық бақылауда тұрады. Олардың 64,4%-ы (195299) психикалық кеселмен, 35,6% (107985) наркологиялық дертпен тіркелген. Дегенмен еліміздің бас психиатрының айтуынша, науқастардың саны ресми көрсеткіштен көбірек болуы мүмкін.