Ұлттық банк доңыз бейнесі басылған монеталар шығарды

0
90

19 қараша күні Ұлттық банк номиналы 500 теңгелік “Шығыс күнтізбесі” монеталар сериясынан “Доңыз жылы” атты алтын және күміс ескерткіш монеталарын шығарды. Сонымен қатар “Дала қазынасы” монеталар сериясынан “Шаршы” коллекциялық монеталарын айналысқа енгізді. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

“Доңыз жылы” монеталары – осы серияны жалғастыратын, алтын және күміс монеталардың тоғызыншы жұбы. 2019 жылғы 5 ақпанда Шығыс күнтізбесі бойынша доңыз жылы басталады, – делінген хабарламада.

12 қырлы монетада доңыз бейнесін монетаның ішкі жиегінен ортасына қарай жылжыту арқылы жыл символының ауысатыны меңзелген. Күнтізбе кейіпкерлері Еуразия халықтары космогониялық көріністерінің пластикасында орындалған.

Монеталардың дизайнында Алматының “Шығыс күнтізбесі” субұрқағының мүсіндік композициясының бейнелері пайдаланылды. Мүсін композициясының авторлары: Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші-монументалист Владимир Твердохлебов,  Алексей Татаринов және Владимир Кацев.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) аспан әлеміндегі жұлдыздар картасында жұлдыздар шоғырының мифологиялық символдары және монета дайындалған металды, оның сынамасы мен массасын білдіретін жазу бейнеленген. Монетаны айналдыра “ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ” және REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деген жазу, күннің стильдендірілген бейнесі және монетаның номиналы бейнеленген.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Шығыс күнтізбесі бойынша 2019 жылдың символы – доңыз бейнеленген. Монетаны айналдыра “2019”, “ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІ” “ВОСТОЧНЫЙ КАЛЕНДАРЬ” және ORIENTAL CALENDAR деген жазу жазылған. Монетаның ішкі жағында шығыс күнтізбесінің қалған 11 символы орналасқан.

Ал “Шаршы” коллекциялық монеталарының аверсінің орталық бөлігінде “ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ – REPUBLIC OF KAZAKHSTAN” деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Монетаның төменгі бөлігінде номиналын білдіретін “500 ТЕҢГЕ” деген жазу бар, жоғары бөлігінде соғылған жылы көрсетілген. Сол және оң жағында монета дайындалған металды, оның сынамасын және массасын білдіретін Ag 925 және 24g деген жазу жазылған. Монетаны айналдыра “ШАРШЫ” деген жазу мен қазақ руларының бірінің шаршы таңбасы басылған және монетаның латын транскрипциясындағы атауы жазылыпты.

Шаршы – халықтық ою-өрнек, ерекшелік белгісі, бізге ғасырлар қойнауынан жеткен графикалық код, – делінген хабарламада.

Монетаның сырт жағының (реверсінде) орталық бөлігінде алтындатылған ұлттық ою-өрнек және “ШАРШЫ” – SHARSHY деген екі  жазу бар.

Номиналы 500 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрі бойынша, сонымен бірге банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, еліміздегі барлық банкте шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Коллекциялық монеталарды Ұлттық банктің теңге сарайы дайындаған.

Baribar.kz сайтының хабарлауынша, монеталарды Ұлттық банктің барлық аумақтық филиалдарынан және www.nationalbank.kz сайтының интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз