Алыпсатарлар, ұлттық құраманың ойынына арналған билеттерді 20-25 мыңнан сатып жатыр, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
17 қарашада футболдан Қазақстан мен Сан-Марино арасында матч болады. Ойынның билеті 30 қазан күні сатылымға шыққан. Алайда 30 мың орынның билеті бірер күннің ішінде сатылып кетті.
Тиісінше алыпсатарлар 2-3 мың теңгенің билетін 20 мыңға саудалап жүр. Көзді ашып-жұмғанша алып алаңнан орын қалмай, 30 мың билет түгел сатылып кетті. Есесіне, алыпсатарлардың ғаламтордағы саудасы қызып тұр.
Осылайша әлеуметтік эксперимент кезінде, алыпсатар өзінде 40 билет бар екенін және жекелеп сатса құны 25 мың теңге, ал көтермелеп сатса бағасы 20 мың теңге болатынын жазған.
Футбол федерациясы билеттің жылдам өтуін жанкүйерлердің қызығушылығы артуымен байланыстырады. Олардың пікірінше, алыпсатарлар бар, бірақ олардың қолына көп билет өткен жоқ. Тек алаяқтықпен бір билетті бірнеше адамға сатып отыруы мүмкін дейді федерация өкілдері.
«Ойынның билеттері туралы біз 1 апта бұрын хабарлаған болатынбыз. 30 қазаннан бастап билеттерді тек онлайн сату арқылы жүргіздік Енді 1-2 алыпсатар бар. Бірақ біз оларға шектеу қоя алмаймыз. Мониторинг барысында, бір адам бір билетті бірнеше рет сатып жатқанын анықтадық», – дейді Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Мұратбек Биманов.