Сан түрлі айтулы оқиғаны артқа тастаған 2018 ит жылы да соңына таяды. Қазақстан үшін жылдың қалай өткендігін жергілікті БАҚ жарыса жазып жатыр. 2018 несімен ерекшеленді, қандай сәттер есте қалды? Kazaknews.kz тілшілері жыл бойы ұйымдастырылған іс-шарадан қалмауға тырысып, оқырманға ақпарат таратуда алда болуға ұмтылды. Өткенге шегініс жасап, маңызды сәттерді бір саралап көрелік.
2018 Қаңтар. Назарбаевтың АҚШ-қа сапары
Қаңтар айының 16-18 күндері президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен АҚШ-қа барды. Сапар аясында инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қатысты 7 миллиард доллардың 20-дан астам коммерциялық құжатына қол қойылған. Бұл қаржы авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы жобаларды іске асыруға бөлінбек. АҚШ Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері елге 50 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Ал өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 2 миллиард долларға жуықтады.
2018 Ақпан. Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілді.
20 ақпан күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің кезекті рет жаңа нұсқасын бекітті. Назарбаев 19 ақпанда 2017 жылдың 26 қазанында шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлығына өзгеріс енгізу туралы қаулы қабылдаған.
2018 Наурыз. Қысқы Паралимпиада ойындарындағы алғашқы алтын.
Қазақстан алғаш рет қысқы Паралимпиада ойындарында “алтын” медальға қол жеткізді. Александр Колядин 1,5 шақырым жолды артқа тастап ел қоржынына “алтын” салды. Колядин жеңіп алған “алтын” Қазақстанға 2018 жылғы Паралимпиада ойындарындағы жүлде көрсеткішінде 15 үздіктің қатарына кіруге мүмкіндік берді.
2018 Сәуір. Тараз “Білім-инновация” лицейі әлемдегі үздік 5 мектеп тізіміне енді.
Тараз қаласындағы “Білім-инновация” лицейі Канаданың Торонто университеті жариялаған статистикасында 24-ші Дүниежүзілік Биология олимпиадасы бойынша үздік 5 мектеп қатарынан көрінді.
2018 Маусым. Астананың 20 жылдығы.
2018 жылдың ең басты жаңалығы Елорданың 20 жылдық мерейтойы. Тарихқа сәл шегініс жасайық. 1998 жылдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті.
Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылдың 6 маусымында Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың бәрi менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi, елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды», – деп жазады.
5 сәуірде өткен жиында Елбасы қала әкіміне Астананың 20 жылдығын тойлауды 15 мамырдан бастауды және әр күні бір іс-шара өтуі тиісті екендігін айтты.
Қала күніне дайындықтың үш бағытта жүрді. Біріншісі шараға Мәдениет және спорт министрлігі, өзге де әріптестермен бірлесті. Екіншісі – Қазақстан өңірлерімен өзара іс-қимыл. Үшіншісі – шетелдік серіктестердің қатысуымен өтетін шаралар.
Сонымен қатар, әлем елдері және Қазақстанның әр аймағы Астанаға бөлек тарту жасады.
Елорданың 20 жылдығы қарсаңындағы барлық ақпаратты kazaknews.kz сайтынан оқи аласыздар.
Түркістан облысы пайда болды.
19 маусымда мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа жария түрде қол қойды.
Жарлықта: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі, – деп жазылған.
2018 Шілде. “Астана” Халықаралық қаржы орталығы ашылды.
АХҚО-ның құқық дәрежесі конституциялық заңмен бекітілген, ал ресми тілі – ағылшын. Орталықтың тараптастарына 50 пайызға дейінгі жеңілдік қарастырылған, валюта, виза және еңбек режимі жеңілдетілген. Бұл аймақта ағылшын тілінде жұмыс істейтін жалғыз орталық. Онда қаржы құралдарын дамытуға, капиталды шоғырландыруға және танымал инвесторлар мен қаржы эксперттерін тартуға барлық жағдай жасалған.
Ұлттық домбыра күні.
Елбасының бұйрығымен шілденің бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Мереке қарсаңында «Домбыра асыл мұра» мерекелік концерті өтті.
Денис Тен өмірден озды.
19 шілде күні Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Алматыда жасалған шабуылдан қайтыс болды.
2018 Тамыз. Ақтауда бесінші Каспий саммиті өтті.
12 тамыз күні Ақтауда Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммиті өтті. Оған Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келеді. Каспий саммиті 2019 жылы Түрікменстанда өтеді.
2018 Қыркүйек. GGG кәсіпқой бокста тұңғыш рет жеңілді.
Астана уақытымен 16 қыркүйек күні Америка Құрама Штаттарының Лас Вегас қаласындағы T-Mobile Arena-да қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альварестен жеңілді. 36 жастағы Геннадий Головкин осымен 40-рет жекпе-жекке шығып, алғаш рет жеңілді. Ол орта салмақта (72,6 кг) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Головкиннің барлық атағы Альвареске беріледі. Қазақстандық боксшы бұған дейін 38-мәрте жеңіске жетіп (34 кездесуде нокаутпен жеңген), бір рет тең түскен.
Кездесу статистикасы бойынша, Головкин 234, Альварес 202 соққы жасаған. Головкин соққыларының 26,2 пайызы, ал Альварес соққыларының 32,5 пайызы дәл тиген.
Екі боксшы бұл жекпе-жек үшін бес миллион доллардан пайда көрді. Бұдан бөлек телетрансляциядан түскен қаржыдан да алады. Бұл қаржының 55 пайызын Альварес, 45 пайызын Головкин иеленеді. WBC есебі бойынша, телетрансляциядан Головкин шамамен 20 миллион, Альварес 30 миллион доллар пайда табуы тиіс.
Құсбегі қыз Айшолпан Қазақстанға келді.
Жаһанға “The Eagle Huntress” деген атпен танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы атамекені Қазақстанға келді. “QAZAQSTAN” РТРК АҚ мен “Білім-инновация” халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырған арнайы сапар арқасында Айшолпан тарихи отанын тұңғыш рет көру мүмкіндігіне ие болды.
2018 Қазан. Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VI съезі өтті.
Астанада 10-11 қазанда әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері бас қосты.
Әлемнің 46 елінен 80 делегация өкілі қатысқан съезд жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасын, құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер жайын, дін және жаһандану: сын-қатерлер мен жауаптар, экстремизм мен терроризмді еңсерудегі діни лидерлер және саяси қайраткерлер ауқымындағы тақырыптарды қамтыды.
Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VI съезінің қорытындысы бойынша құжат – декларация қабылданды.
Астана процесі аясындағы келіссөздер қалай өтті?
Сирия бойынша Астана процесінің 11 раунды 28-29 қарашада өтті.
Астанадағы келіссөздің әуел бастағы мандаты – әскери іс-қимылдарды тоқтату режимін қамтамасыз ету болатын. Осыған байланысты бұған дейінгі келіссөздер нәтижесінде Сирияда төрт деэскалация аймағы құрылған. Олардың үшеуінде – Хомс, Ғұта және Сирияның оңтүстігіндегі деэскалация аймағында соғыс қимылдары толық тоқтады. Алайда 11 раундта Ресей, Түркия мен Иран Астанада өткен соңғы келіссөзде Сирия конституциялық комитетін құру туралы келісе алмады.
Сирия конституциялық комитеті БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистурамен бірге Сирияның жаңа конституциясы жобасын дайындауы керек. Кеңесші орган ретінде құрылатын комитетке Сирия үкіметі мен оппозициясының өкілдері енуі тиіс. Комитет құрылған соң Женевада БҰҰ басшылығымен өтіп жатқан келіссөз қайта жанданады.
ҰҚШҰ кеңесінің отырысы өтті.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы 2002 жылы құрылды. Мұндағы мақсат ұйымға мүше елдерде бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау. Өткен жылы аталмыш ұйымға Белорусь Республикасы төрағалық еткен болатын. 2018 жылы Қазақстанда өтті. Жиында 20-дан астам мәселе талқыланды. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі мен төрт халықаралық шартқа қол қойылды.
Астана футбол клубы
2018 жыл Астана футбол клубы үшін табысты өткендей. Алайда, Еуропа лигасындағы соңғы жеңіліске байланысты топтан шыға алмады.
2018 Қараша. Елтаңбадағы өзгеріс.
Елтаңбадағы өзгеріс туралы заң 2018 жылдың 1 қарашасында күшіне енді.
12 қыркүйекте Мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековтың қатысуымен ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар елтаңбаға өзгеріс енгізу яғни “Қазақстан” сөзін латынша жазу жайлы шешім қабылдады.
Құрастырған,
Әбдіманап КЕҢЕС,
Журналист