Қазақстанда ет өнімдерінің барлық түрі қымбаттады. Бір жыл ішінде тек тауық еті 5%-ға арзандаған. Оның бағасы 789 теңге. Бұл туралы Energyprom.kz порталы хабарлады.
Қой еті бір жылда 16,2%-ға қымбаттаған, оның бір келісі 1 990,3 теңге тұрады. Жылқы еті 11,9%-ға (келісіне 2 271,8 теңгеге), ал сиыр еті 8%-ға (келісіне 1 947,4 теңгеге) дейін қымбаттаған.
Соңғы бір жылда қазақстандықтар етті көбірек тұтына бастаған. Ал тұтынушылар арасында сиыр етіне сұраныс артқан.
Портал мәліметінше, өткен жылдың үшінші тоқсанында (шілде, тамыз, қыркүйек) әрбір қазақстандық орта есеппен 21,3 килограмм ет өнімін тұтынған. Бұл 2020 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда бір килограмға көп. Ал 2019 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 1,4 килограмға артық.
Өткен жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда ет өнімдерін тұтыну бойынша сиыр етінен басқаның бәріне сұраныс артқан. Сондай-ақ, ет өнімдерінің арасында сиыр мен тартылған ет, қой мен жылқы еті кеңінен танымал.
“Ал етті тұтыну бойынша Қарағанды облысы көш басында тұр. Өткен жылдың шілде, тамыз және қыркүйек айында бұл өңірдің әрбір тұрғыны орта есеппен 26,8 килограмм ет жеген. Содан кейінгі орындарға Ақмола облысы (25,4 келі) мен Алматы қаласы (25,2 келі) жайғасқан”, – делінген хабарламада.
Сарапшылар елдің барлық аймағында ет тұтыну көрсеткіші өскенін алға тартып отыр.