Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Бұл туралы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин хабарлады.
“Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады”, – делінген хабарламада.
Кеңес үкіметі тарағаннан бері Қазақстан Ресеймен бірге +7 халықаралық телефон кодын пайдаланып келді. Министрдің айтуынша, Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізілген. Осы келіссөздер нәтижесінде Қазақстанға +997 коды бекітілген.
“Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр”- дейді министр Бағдат Мусин.