Алматыдағы атысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды

0
181
Photo: polisia.kz

20 қыркүйек кешке Алматыдағы Ақбұлақ ықшамауданында болған атысқа байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Бірі – “Адам өлтіру”, екіншісі – “Билік өкіліне күш қолдану”. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов хабарлады.

Дүйсенбі күні Ақбұлақта Д. есімді азамат үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан. Соның нәтижесінде бес адам қаза болған. Бұлар: екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оның досы.

Қала полициясының хабарлауынша, күдікті қазір тергеліп жатыр. Онда 2008 жылдан бері тіркелген аңшылық қаруы болған. Сейсенбі күні брифинг кезінде “полицейлердің қолында табельді қару болса, неге оны қолданбаған?” деген сұрақ қойылды. Полиция бастығы “оның бәрі тергеу кезінде анықталады” деп жауап берді.

Оқиға кезінде қаза болған 1982 жылы туған Алатау аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Дархан Сүлеевтің артында кәмелетке толмаған – бес баласы, екінші полицей – 1988 жылы туған учаскелік инспектор Нұрбол Байғазиевтің артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған.

БАҚ Алматының түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында болған атысқа не түрткі болғанын жазды. Orda.kz сайтының хабарлауынша, 54 жастағы күдікті бірнеше жыл бұрын банктен несие алып, жылжымайтын мүліктерін кепілдік ретінде қойған. Кейін төлей алмаған соң банк оны жалғыз баспанасынан айырып, аукцион арқылы басқа адамға сатқан. Күдіктінің мүлкі бастапқыда 121 млн теңге деп бағаланған, бірақ екінші рет бағаланғаннан кейін құны төмендеп, күдіктінің банк алдындағы қарызы 88 млн теңгеге дейін өсіп кеткен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз