Қазақстанда 2017 жылғы 27 желтоқсанда жаңа “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі” қабылданған болатын. Бірақ ол тек 2018 жылдың маусым айының соңында күшіне енді.
Оған сәйкес, елімізде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жаңа түрі – “кен іздеушілік” (старательство) пайда болды. Яғни, Үкімет осыдан кейін “қара старателдер” деген кесірлі құбылыс жойылып, бұл кәсіпті заңды түрде жүзеге асыруға болатынын жариялады.
Мысалы, тек билік қамқорлығындағы ірі компаниялар ғана емес, жеке кәсіпкерлер, немесе азаматтар тобы алтын, басқа да бағалы, асыл металдарды өндіру үшін мемлекеттен “Жер қойнауын пайдалану құқығына” ие бола алатын еді.
Содан бері бес жыл өтсе де, кен іздеушілік қызмет кейбір азаматтардың заңды табыс көзіне айнала алмады.
Inbusiness сайтының зерттеуінше, таяуда құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары жеке старателдердің алдынан қаптаған кедергілер мен тосқауылдар тұратынына назар аударған.
Мысалы, старатель құнды кенді тапқаннан кейін одан бағалы металды ажыратып алу үшін химиялық реагенттермен жұмыс істеуі керек. Бұл кәсіптің қыр-сыры, соның ішінде алтын кенінен металды қалай ажыратып, одан қайтіп құймалар құюға болатыны National Geographic арнасының “Старатели”, “Золотая лихорадка” сияқты бағдарламаларында жақсы көрсетілген.
Алайда дамыған елдердің тұрғындарына берілген бұл мүмкіндіктен қазақстандықтар қағылған.
Министрлік мамандары бұл тұрғыда технологиялық қайшылықтарды анықтады: заңды старателдердің техногендік сипаттағы кен орындарында барлау жасап, жұмыс істеуіне, сонымен бірге олардың химиялық реагенттерді қолдануына шектеу қойылған.
Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, заң бойынша жеке кен іздеушілер де лицензия алу үшін экскаватор мен бульдозерді сатып алуы керек. Ал олар өте қымбат тұрады. Оның үстіне бұл – талап етілетін техниканың толық тізімі емес.
Мысалы, Австралияда старателдерге алтын, күміс, көмір, мұнай және газ, сондай-ақ сирек металдар, тастар мен минералдарды қоса алғанда, қазбалардың кең ауқымын іздеуге рұқсат етіледі.
Австралияда штатқа немесе аумаққа байланысты кен іздеуді әртүрлі тәсілдермен жүзеге асыруға болады. Мысалы, бұрғылап, ашық игеруге, жерасты шахталарында игеруге, гидравликалық игеруге және басқаларына жол ашық.
Қазақстан болса, кен іздеушілерге шахтаға түсуге тыйым салады. Тек жер бетін тінтумен шектелуі шарт.
Салдарынан, қазақстандықтар мұны заңсыз жолмен жүзеге асыруда. Билік оларды “қара старателдер” деп күстәналап, қудалаумен әлек. Бұл салада тұтас мафия қанат жайғанын құзырлы органдар да жоққа шығармайды.