Депутат: Халық қашанғы оттың астында қала береді?

0
786
Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев премьер-министрге сауал жолдап отыр.

24 ақпанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев жақында әр облыста өрттен қаза тапқан азаматтардың жағдайын айтып премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында тұрғын үй өртеніп бір үйдің бес баласы қайтыс болды

“Депутаттық сауалымызға өткен аптада Жамбыл, Қызылорда облыстары және Петропавл қаласында өрттен болған қайғылы оқиғалар себеп болды. “Тас түскен жеріне ауыр” демекші, бұл жағдай бүкіл қазақстандықтардың қайғысы. Өрт салдарынан жазықсыз нәрестелерінен, азаматтарынан айырылып қалған жақындарына депутаттар атынан қайғырып көңіл айтамыз. Кінәсіз өмірден өткен балаларымыз бен азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін кім жауапты деген сұрақ бәрімізді ойландырады. Осы оқиға тиісті жергілікті атқарушы органдарға үлкен сабақ болуы тиіс. Қашанғы біздің тұрғындарымыз оттың астында қала беруі керек?. Ертең мұндай жағдайларға қайта тап болмауымызға кім кепіл? Өткен жылдың қыркүйегінде тиісті өкілеттіктермен, кадрлармен қамтамасыз етілген төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Алайда оның атқарған жұмыстары әрдайым уақытылы әрі тиімді бола бермейді. Өткен жылдың тоғыз айында елімізде тоғыз мыңнан астам өрт болды. 228 адам қаза тапты. 217 адам. жарақат алды. ТЖМ қыс маусымына дайындық жұмыстарының жүріп жатқанын мәлімдеді. Олардың хабарлауынша, жұмыстарының барлығы аяқталып, кемшіліктерді жою туралы нұсқаулар берілген. Алайда орын алып жатқан қайғылы оқиғалар істеліп жатқан профилактикалық жұмыстың жеткіліксіз екендігін көрсетті. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Сізден ТЖМ және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп көп қабатты тұрғын үйлерге әсіресе, уақытша үйлер және басқа да жайлы емес тұрғын үйлерге нақты көмек көрсету тұрғысынан толық жұмыс жүргізуді, Жаңатас, Қызылорда және Петропавлдағы оқиғаларға қатысты жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларға ең қатаң шараны қабылдап, бұл туралы БАҚ-қа ақпарат беруді, осындай жағдайлардың алдын алу жөніндегі ахуал ерекше бақылауға алынып ТЖМ жергілікті әкімдіктермен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды, өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу шараларын күшейту жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізуді ұсынамыз”, – деді депутат.

Елде уақытша баспаналардың өртке орануы жиі болады. 18 ақпанда Қызылордада уақытша баспана өртеніп, бір отбасының бесіктегі баласы қайтыс болған. Төрт бала зардап шеккен.

2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын үйден өрт шығып, бір үйдің бес қызы қазаға ұшырады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз