Жамбыл облысында тұрғын үй өртеніп бір үйдің бес баласы қаза тапты

0
576
Өрт


19 ақпан күні Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында бес қабатты үйдегі пәтерде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қайтыс болды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің хабарлауынша, өрт түскі сағат үштен өте үшінші қабаттағы 16 шаршы метрлік пәтерде шыққан. Пәтерде 2015, 2016, 2017, 2019, 2020 жылы туған балалар болған.

“Алдын ала дерек бойынша, балалардың әкесі жұмыста болған, шешесі дүкенге шығып кеткен. Балалар иіс газына тұншығып қалған. Олар ауруханаға жеткізілгенімен, біраз уақыт өткен соң көз жұмды” деп хабарлады әкімдік.

Өрт алты өрт сөндіруші мен бір техника көмегімен сөндірілген. Жалынның неден шыққаны белгісіз. Өрттің себебін анықтау үшін облыстық әкімдікте арнайы комиссия құрылғаны хабарланды.

Елде уақытша баспаналардың өртке орануы жиі болады. Кеше, 18 ақпанда Қызылордада уақытша баспана өртеніп, бір отбасының бесіктегі баласы қайтыс болған. Төрт бала зардап шеккен.

2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) шетіндегі Көктал-1 елдімекеніндегі шағын үйден өрт шығып, бір үйдің бес қызы қазаға ұшырады. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз