Қазақстанда соңғы 10 жылда балалар үйінің саны мен ондағы тәрбиеленушілер саны 2 есе азайған. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, қазіргі күні 3 мыңнан аса бала 116 интернаттық ұйымда тәрбиеленіп жатыр. Соңғы 10 жылда 7 мың бала өз отбасын тапты.
«Балалар үйінің азаюына интернат ұйымдарын деинституционализациялау, отбасылық орналастырудың балама нысандарын енгізу және жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды материалдық қолдау саясаты әсер етті», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы Насымжан Оспанова.
Бұдан бөлек ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбір балаға колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға грант беріліп, шәкіртақы төленеді. Олардың жұмысқа орналасу кезінде басым құқығы болады.
Ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға орналастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Бүгінде отбасылық орналастырудың 4 балама түрі бар:
• бала асырап алу;
• қорғаншылық (қамқоршылық);
• патронат;
• қабылдаушы отбасы.