«Our World in Data» сарапшыларының мәліметінше, әлемде адамдардың қайтыс болу себебінің ішінде бірінші орында, жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары орналасқан (32,8%), екінші және үшінші орында қатерлі ісік (17,8%) және тыныс алу органдарының аурулары (7%) тұр. Асқорыту жүйесі аурулары (4,5%) және төменгі тыныс жолдарының инфекциялары (4,4%) да өлімнің негізгі себептері ретінде көрсетілген, деп хабарлайды Kazaknews.kz Ақпараттық агенттігі.
Әлемде қайтыс болған адам саны туралы статистиканы онжылдықтарға бөлетін болсақ:
- 2011–2020 жылдары қайтыс болғандар саны 567 млн адам
- 2001–2010 жылдары — 532,3 млн адам
- 1991–2000 жылдары — 512,7 млн адам
- 1981–1990 жылдары — 485,2 млн адам
- 1971–1980 жылдары — 475,7 млн адам
Finprom зерттеуі бойынша алдағы онжылдықтарда әлемде қайтыс болу көрсеткіші
- 2021–2030 жылдары 645,1 млн адамға,
- 2031–2040 жылдары 738,1 млн адамға,
- 2041–2050 жылдары 862,3 млн адамға,
- 2051–2060 жылдары 975,8 млн адамға,
- 2061–2070 және 2071–2080 жылдары 1,1 млрд адамға,
- 2081–2090 және 2091–2100 жылдары 1,2 млрд адамға дейін жетеді деп болжанып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ковид пандемиясына дейін 2019 жылы 55,4 млн адам қайтыс болса, соның 55%-ы өлімнің 10 негізгі себептерінің біріне байланысты болған.
Бұл «10 себеп» аурулардың үш үлкен тобымен байланысты:
- жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары (жүректің ишемиялық ауруы, инсульт),
- тыныс алу органдарының аурулары (өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, төменгі тыныс жолдарының инфекциялары)
- неонатальды патологиялық жағдайлар (жаңа туған нәрестелердің асфиксиясы және туу жарақаты, сепсис және нәрестелердің басқа да жұқпалы аурулары, сондай-ақ ерте туудың асқынуы).