Наурыз – түркі халықтарының Жаңа жылы, парсы тілінен аударғанда “жаңа күн” деген мағынаны білдіреді.
Қазақстанда Наурыз мейрамы ықылым заманнан бері тойланып келеді. Алайда тоталитарлық жүйе заманында 1926 жылдан 1988 жылға дейін ширек ғасырдан астам уақыт бойы мерекені тойлауға тыйым салынды. 1988 жылдан бастап ұлттық мереке қайта тойлана бастады. Тәуелсіздік алған 1991 жылы (15 наурызда) Наурыз ресми мереке ретінде бекітілді. Қазіргі уақытта Наурыз мерекесіне орай қазақстандықтар қатарынан үш күн (21,22,23) демалады.
Қазақстанда Наурызды тойлау түрлі салт-дәстүрлерге негізделген. Мәселен, таңертең ерте тұрып бұлақтың жанында тұрғындар жиналып, жас шыбықтарды еккен. Қазақта “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын”, “Бір тал кессең, он тал ек” деген даналық сөздер бар. Адамның кең ауаны тыныстап жұтуына сеп болатын өсімдік атаулы тіршіліктің белгісі саналады.
Қазіргі уақытта ауыл-аймақта болмаса, қалалық жерде ерте тұрып, ағаш егетіндер аз. Халық мерекелік көңіл-күйде демалып, серуендеп, қонаққа барады, шаңырақта қонақ күтеді. Бұл күні үй іші бір шаңыраққа жиналып, ұлттық тағамдар пісіріледі.
Атаулы мерекенің басты көрсеткіші – дастарханда. Дастархан дәл осы күні қаншалықты бай жайылса, жыл соншалықты тоқ өтеді деген түсінік бар. Ұлттық тағам ет пен бауырсақтан өзге, бұл күні міндетті түрде Наурызкөже қайнатылады. Көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Кейбіреулер сүр ет қосып пісіруді жөн көрсе, өзгелері жас ет қосады, сондай-ақ, сұлы, күріш немесе бидай қосылады. Әдетте Наурыз көженің бекітілген нақты құрамы жоқ, әркім қалаған жеті дәмін қоса алады.
Наурыз мерекесінде “Ақ мол болсын, Қайда барсаң жол болсын!”, “Ұлыс оң болсын!” деген ақжарма тілектер айтылады. Міндетті түрде үлкен ақсақалдар бата қайырады. Дәл осы күні туыс-тума, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, наурызкөжеден дәм татады.
Наурыз мейрамы ұлттық береке-бірліктің, татулықтың, жаңа күннің символы.
Құрметті Қазақ елі, Қазақньюс ақпарат агенттігінің оқырмандары! Сіздерді 22-наурыз Ұлыстың ұлы күні, жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!