Мәскеу соты Facebook пен Instagram-ға тыйым салды

0
348
Photo: diyphotography.net

Мәскеудің Тверь соты Meta корпорациясын экстремистік деп танып, оның жұмысына тыйым салды. Оған тиесілі Facebook пен Instagram әлеуметтік желілері де енді Ресейде заңсыз деп саналады, ал осы ұйымға қарайтын WhatsApp мессенджері жұмыс істей береді. 

Сот шешімі бірден орындалуы тиіс.

Сот отырысында қатысқан Федералдық қауіпсіздік бюросы (ФСБ) өкілі “Meta ұйымы Ресейге және оның қарулы күштеріне қарсы жұмыс істеп жатыр” деді.

Бұдан бұрын Ресей прокуратурасы да Meta-ны экстремистік ұйым деп тауып, оның жұмысына тыйым салу керегін айтқан. Прокуратура өкілінің айтуынша, компанияның әлеуметтік желілері қоғамның пікіріне ерекше ықпал етеді.

“Meta компаниясы ресейліктерге қарсы ғадауат тілін қолдануға әдейі рұқсат берді, соның кесірінен балама шынайылық қалыптастырды, сөйтіп Ресейді қолдайтын пікірлер тұншықтырылып, өшпенділік күшейді” деді прокурор.

Судья Meta экстремистік ұйым деп танылып, оның жұмысына тыйым салу туралы шешім шықса, оны техникалық тұрғыда қалай жүзеге асыру керегін сұрады.

“Сот шешімінен соң [адамдар Meta-ның әлеуметтік желілерін] қолдана ала ма, жоқ па?” деп сұрады судья. Бас прокуратура өкілі бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

Содан соң ол бұғаттауды айналып өтетіндердің боларын және Ресейде Facebook пен Instagram желілерін қолданатындардың көптігін мойындап, Meta-ға тыйым салынған жағдайда оны “экстремизмнен басқа мақсатқа” пайдаланғандар жауапқа тартылмайды деді.

Бас прокуратура Ресейде WhatsApp-қа емес, Facebook пен Instagram-ға ғана тыйым салуды сұрады, себебі WhatsApp-пен “ақпаратты бұқараға жариялау мүмкіндігі жоқ”. Бас прокуратураның бұл көзқарасын судья оқып берді.

Ресейде Facebook-ке 4 наурызда тыйым салынған. Ол жолы әлеуметтік желілер Ресейдің мемлекеттік және оған жақын ақпарат құралдарына цензура қойды деп айыпталған. 14 наурызда Ресейдің бүкіл аумағында Instagram да бұғатталды.

Meta-ға қарсы арыз беруге себеп – әлеуметтік желілер украин қолданушылардың Ресей әскеріне қарғыс айтып, оларға (жеке адамдарға емес, жалпылама) күш қолдану туралы үндеу жариялауына рұқсат берді. Дегенмен компания өкілдері русофобияға, Ресей азаматтарын кемсітуге жол бермейтінін айтты. Meta-ның хабарлауынша, Ресей әскеріне күш қолдануға үндейтін пост жариялауға рұқсат беретін ереже Украинаға шабуыл басталған соң қабылданған және ол уақытша әрі тек Украина аумағында ғана жүреді. (RFE/RL)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз