Допинг дауы: Қазақстандық ауыр атлет олимпиада алтынын қайтарып береді

0
306
Нижат Рахимов. Photo: prosports.kz

Спорттық арбитраж соты (CAS) қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимовтің допинг мәселесіне қатысты ісін қарап, Рио олимпиадасындағы алтын медалін қайтарып алу туралы шешім шығарды. Атлет сегіз жылға спорттан да шеттетілді. 

“Рұқсат етілмеген әдіс арқылы допинг ережесін бұзған” деген Рахимовтің 8 жылдық шектеу жазасы 2021 жылдың 18 қаңтарынан басталады. Сондай-ақ 2016 жылдың 15 наурызы – 2021 жылдың қаңтары арасындағы барлық нәтижесі жойылады. Рахимов екінші рет допинг ережесін бұзды деп айыпталғандықтан сегіз жылға спорттан аластатылды.

Әзербайжанда туып, Қазақстан азаматтығын алған атлет 2016 жылы тамызда Рио олимпиадасында 77 келіде чемпион атанған еді.

Былтыр 18 қаңтарда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) мен Халықаралық допинг сынағы агенттігі (ITA) Нижат Рахимовке 2016 жылдың ішінде антидопинг ережесін бұзып, “несеп анализін ауыстырған” деген айып таққан. Осы айыптан соң Рахимов бірден жарыстардан шеттетілген. Ал IWF Спорттық арбитраж сотына шағым түсірген. Рахимов желіге видеолар жариялап, барлық айыпты жоққа шығарып келген.

Рахимов Рио олимпиадасында жұлқа көтеруде 165 келі, серпе көтеруде 214 келі (сол кездегі әлем рекорды), қос жаттығу бойынша 379 келі еңсеріп, олимпиада чемпионы атанған еді.

Қазақстан Рио олимпиадасында үш алтын, бес күміс, он қола медальмен жалпы есепте 22-орын алған. Енді Рахимов алтынын қайтарып берсе, Қазақстанның Рио олимпиадасындағы нәтижесі екі алтын, бес күміс, он қолаға өзгеріп, жалпы есепте 31-орынға сырғиды.

Азаттық сайтының хабарлауынша, барлық сот процесі күшіне енген соң Рахимовтің Рио олимпиадасындағы алтыны қытайлық Люй Сяоцзюньге (Риода күміс алған) берілуі мүмкін. Риода қола иеленген египеттік Мохаммед Ахмед Махмуд күміс жүлдені, төртінші орын иеленген таиландық Чатупум Чиннавонг қола медаль алуы тиіс. Жүлдені қайта үлестіру жұмыстарын IWF пен Халықаралық олимпиада комитеті жүргізеді.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы, елдің ұлттық олимпиада комитеті CAS шешіміне қатысты әзірге ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

Елдің ауыр атлеттері допинг дауына байланысты осымен олимпиаданың алтыншы алтынын қайтарып берді.

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексерген. Бұл тексеру кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі – постсоветтік елдердің, Қытай, Болгария, Түркия атлеттері.

“Қайта тексеру” кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлеттер допинг қолданды деп айыпталып, жүлделерін қайтарып берген.

  • Илья Ильин 2008 жылғы Пекин және 2012 жылғы Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Мая Манеза Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Зүлфия Чиншанло Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Светлана Подобедова Лондон олимпиадасының алтынын қайтарды.
  • Мария Грабовецкая Пекин олимпиадасының қоласын қайтарып берді.
  • Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Төртеуінің де жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептелді. 2018 жылы жаза уақыты аяқталған соң Ильин мен Чиншанло спортқа оралған. Бірақ Ильин 2020 жылы Токио олимпиадасы пандемияға байланысты кейінге шегерілген соң спорттан кететінін жариялады. Чиншанло Токио олимпиадасына қатысып, қола медаль иеленді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз