6 қазанда Нұр-Сұлтанда “SOS Police” жедел дабыл батырмалары орнатылды. ІІМ-ге қарасты polisia.kz сайтының мәліметінше, бұл халықтың полицияға тез арада қылмысты хабарлауы үшін жасалған құрылғы.
“Бұл қала көшелеріне орнатылатын полицияға шұғыл қоңырау шалуға арналған арнайы құрылғы. Азаматтар осы құрылғының батырмасын басқан кезде жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен дереу байланыса алады” – дейді Нұр-сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов.
Қазіргі уақытта қалада осындай алты құрылғы бар. Оларды Есіл өзенінің жағалауы, базарлар мен сауда үйлерінің аудандарында орналастырған. Сондай-ақ, Гете көшесіндегі теміржол вокзалының алаңына да орнатылды. Жыл соңына дейін демалыс орындары мен адам көп жиналатын орындарда 13 “SOS” дабыл батырмаларын орнату жоспарланған.