Павлодарда автокөліктің доңғалағы атылып, әскери қызметкер қаза болған. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
“Қызметтестерінің сөзіне қарағанда, 1990 жылы туған жауынгер “КамАЗ”доңғалағына жел бергенде доңғалақ атылған. Әскери қызметкер сол жерде қаза болған”, — дейді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
ҚазТАГ хабарлауынша, қаза болған әскери қызметкер Павлодардағы №5512 әскери бөлімінде келісімшартпен жүрген. Кейбір БАҚ “ол еңбек демалысында болған, алайда КамАЗ-ды жөндеуге шақырып алған” деген ақпарат таратып отыр.
Әскери қызметкердің артында аяғы ауыр әйелі мен қызы қалған.
Кейінгі уақытта Қазақстан әскерінде жауынгерлердің түрлі жағдайда қаза болғаны туралы ақпарат жиіледі.
4 маусымда ҰҚК шекара қызметінің Маңғыстау облысындағы жауынгері Еділ Тешебаев қаза болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан әскерге шақырылған Еділ Тешебаевты “өз-өзіне қол салды” деген ақпаратқа туыстары сенбей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты іске араласуды сұраған.
Сәуір айында Жамбыл облысындағы әскери бөлімде келгеніне төрт күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай есімді жауынгердің жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Бастапқыда жауынгердің “таңғы сап кезінде есінен танып қалғаны”, артынша мерт болғаны хабарланған. Кейін қорғаныс министрлігі “Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу” (ҚК 440-бабы, 4-бөлігі) бабы бойынша іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеген.
Өткен жылы 2021 жылы қазанда Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген жауынгердің “өз-өзіне оқ атып” мерт болғаны хабарланған. Бірақ марқұмның туыстары ресми хабарламаға күмәнмен қараған.
Одан бұрын көктемде Жамбыл облысында бір жауынгер казарма терезесінен секіріп мерт болды. Сарапшылар әскери бөлімдерде әлімжеттікжиі кездесетінін айтады.