Қазақстан Президенті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» (NIS) дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованы қабылдады.
Кездесу барысында Назарбаев Зияткерлік мектептері қызметінің негізгі нәтижелері мен олардың даму перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы еліміздің орта білім беру жүйесінде Назарбаев Зияткерлік мектептері ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Бұл мектептердің барлығына үлгі болуы керек екенін айтқан Елбасы NIS тәжірибесінің жаңа мектептердің ашылуында ескерілетінін жеткізді. 2008 жылдан бері зияткерлік мектептерді 5660 оқушының оқу бітіргенін мәлімдеген Нұрсұлтан Әбішұлы түлектердің барлығының да үш тілді еркін меңгергеніне баса назар аударып:
– Біз бүкіл елге Қазақстанда үш тілде білім алу қолдан келетін іс екенін көрсеттік, – деді.
Күләш Шәмшидинова Нұрсұлтан Назарбаевқа NIS-тің оқытушы құрамын қалыптастыру мақсатында жүргізілген жұмыстар жөнінде мәлімдеме жасады.
Президенттің қолдауымен көптеген жұмыс атқарылғанын жеткізген К.Шәмшидинова зияткерлік мектептерде 2800 мұғалімнің жұмыс істейтінін, олардың 195-інің шетелдік оқытушылар екенін, 183-інің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша әлемнің жетекші оқу орындарында және Назарбаев Университетінде білім алған түлектер екенін айтып берді.
– Бүгінде бізде 4 доктор, 22 ғылым кандидаты және 719 магистр сабақ береді, – деді К.Шәмшидинова.
Сонымен қатар білім беру мекемесінің басшысы оқушылар контингентін қалыптастыру ісінің конкурстық негізде жүзеге асырылатынын және іріктеудің үміткерлердің қабілеттеріне байланысты анықталатынын айтты.
Кездесу соңында Елбасы NIS жүйесін одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.