Түркияда айыпсыз қыз-келіншектер полиция бөлімшесінде қорлық көруде

0
90

Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан Мерсин қаласының полиция бөлімшесінде 80-ге жуық қыз-келіншек қорлық көруде. Полиция қызметкерлерінің азабы мен мазағына ұшырағандар арасында кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушылары мен өрімдей университет студенттері де бар.

Мерсинде полиция қызметкерлері тарапынан қатігездік пен азаптауға тап болған бұл қыз-келіншектердің бар айыбы – Фетхуллах Гүлен құрған «Қызмет» қоғамдық қозғалысына деген симпатиялары: түрік билігі оларды «15 шілде төңкеріс әрекетіне қатысы бар» деген күдікпен ұсталған азаматтардың жақындарына гуманитарлық көмек көрсеткені үшін қамауға алған. Бұл туралы «Московский Комсомолец» («МК») басылымының түрік жаңалықтары қызметі хабарлайды.

Turkey Purge сайтына сілтеме жасаған «МК» басылымы қамауға алынған әйелдердің арасында 2 айлық нәрестесі бар ананың мектеп жасындағы балаларымен (үлкені 15 жаста) бірге төрт күн бойы қамақта отырғанын жеткізеді.

2016 жылдың 15 шілдесінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға қарсы ұйымдастырылған төңкеріс әрекетінен кейін жүз мыңдаған адаммен бірге аналар мен балалар да қоса қамауға алынды. Түрік билігі төңкеріс әрекетін Фетхуллаһ Гүлен мен оның «Қызмет» қозғалысы жасады деп айыптады.

Сол жаздан бергі уақыт аралығында Түркияда адам құқығын аяққа таптайтын біршама оқиғалар орын алып жатыр. Жазықсыз жандардың босқынға айналуы… қызметінен себепсіз қуылған білікті мамандар… түрмеге қойша тоғытылған 100 мыңдаған жазықсыз… қорғансыз жандардың өлімі…

Бүгінге дейін қамауға алынғандар қандай қылмыс жасап, нендей заңды бұзғандығынан бейхабар.

Бүгінде бауырлас түрік елінде 17 мың әйел мен 600-ге жуық сәби түрмеде отыр. Өткен жылы таралған «Түрік түрмелерінде 600-ге жуық сәби аналарымен бірге қамауда отыр» деген мәліметті Түркия Ішкі істер министрлігі растаған. Бір жасқа толған 128 сәби, екі жастағы 114 сәби, үш жасар – 81, төрт жасар – 70 және бес жасар 31 баланың темір тордың әр жағында отырғаны анықталды.

ЕРДОҒАН РЕЖИМІ АНАЛАРДЫ ДА АЯР ЕМЕС

Түркияның солтүстігіндегі Самсун қаласында тәртіп сақшылары «Қызмет» қозғалысымен байланысы бар деген күдікпен Дерия Эркан есімді физика пәні мұғалімін қамауға алды.

Құқық қорғау органдары тарапынан қамаққа алынғанда Дерияның Семих атты баласы мен емізулі нәрестесін оның көршілері бауырына басқан. Мұғалімнің туыстары қазіргі таңда ананың қамқорына зәру балаларының бар екенін ескеріп, Дерияның босатылуын талап етуде.

Билік өкілдері аяғы ауыр әйелді жолдасының орнына қамауға алған.

Тәртіп сақшылары үш баласы бар әрі төртіншісіне аяғы ауыр Бетуль Дюзенлидің үйіне отағасын іздеп келеді. Жолдасын үйінен таба алмаған сақшылар аяғы ауыр келіншекті «Қызмет» қозғалысына қатысы бар деген күдікпен іздеу салынған жолдасының орнына қамауға алған.

Қамауға алынған келіншектің әкесі полиция қызметкерлеріне денсаулығына байланысты қызын босатуды өтініп сұрайды. Бетульдің үш баласы қазірде 75 жастағы төсек тартып жатқан анасының қолында қалған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз