Қызылордада бес қабатты тұрғын үйдің қабырғасы құлады

0
114

Қызылорда қаласының Титов мөлтек ауданында орналасқан бес қабатты үйдің бір бөлігі құлады. Титов 16А көшесінде орналасқан аталмыш үй 1971 жылы жатақхана ретінде пайдалануға берілген. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің хабарлауынша, апатты жағдай 28 ақпан күні жергілікті уақытпен сағат 22:40-та болған. Алғаш келіп түскен деректерге сүйенсек, зардап шеккендер жайлы мәлімет жоқ.

Қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменовтің айтуынша, оқыс оқиға болған жатақханада 46 отбасы уақытша қоныстанған. Қазіргі таңда бұл отбасылар эвакуациялау пунктілеріне орналастырылған. Қазіргі таңда олардың суы-тамағы толыққанды қамтамасыз етілген, дәрі-дәрмек таратылып, психологиялық көмек ұйымдастырылған.

Оқыс оқиға болған сәтте үйдің қабырғасы құлаған бөлігінде ешкім тұрмаған. Ескі жатақхана ғимаратында қазір құтқарушылар жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ғимараттың бір бөлігінің не себепті құлап қалғаны әзірге белгісіз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз