«Әсемденген шаһар-Астана»: Елорда күніне орай оқырмандар тілегі  

0
60
Астана қаласы.

Мектеп түлектері редакцияға Астана күніне орай жылы лебіздерін жіберді. Елорда күні қарсаңында біз, оқырмандардың ыстық ықыласын сіздермен бөліскелі отырмыз.

«Есілдің жағасынан орын тепкен еліміздің жас та болса бас ордасы,  күннен күнге әсемденген шаһар-Астана. Ел тәуелсіздігінің жарқын жетістігі, жаһандану мен жаңару үрдісінің айқын  көрінісі, еліміздегі жобалардың бірегей үлгісі. Тәуелсіздік жылдарынан кейін елдің аяққа тұруына себепші болған арман қала-Астана. Жаңашылдыққа бастаған жас қала бүгінде әлемге әйгілі. Еліміздің бас ордасына айналған шаһар ай өткен сайын әдеміленіп, жыл сайын гүлденуде.  Осы жылдарда тәуелсіздікпен қатар өсіп, өркендеген қала еліміздің атын дүние жүзіне танытуда.


Бүгінде 25 жылдығы тойланған шаһар ауқымын кеңге жайып, одан сайын көркейе түсуде. Қаланың ерекше тарихи-мәдени орындары қазақ халқының қанына біткен тазалық пен тәрбиені насихаттап, даламен жаны егіз қазақтың өркениетке бет алған қарапайым бейнесін сипаттайтындай. Елдің бас орда болуындағы ерекшелік те осында. Самал жел ескен Ұлы Даланың Сарыарқасы қазірде түбі бір түріктің бас ордасы. Еліміздің шекарасы айқындалып, етек-жеңімізді енді жиып ес жинаған шақта әсем Алматыдан  асқақ Астанаға көшу, қаланың құрылысын бастау үлкен тәуекелді қажет етті. Алайда, сол тұста қолға алынған шағын жобалар ауқымын кеңейте келе небір сәулет өнерінің туындылары қаланың сол жағалауынан қоныс тепті. Астанамыз ендігі кезекте өз тұрғындарымен бірге толысып, цифрлы жобалар аясында келбеті көркеюде. Әлемде жоқ сәулет өнерінің жауһарлары жыл сайын көбеюде.


Астананы сөз еткен кезде елдің символына айналған «Бәйтерек» кешенін  жазбамызға тиек етпеу қателік шығар. Тарихымен талайды таңдай қақтырған әсем ғимарат ерекше мәнге ие. Әрбір қазақ баласы жастанып оқитын қазақ ертегілерінде баяндалатын самұрық елдің де, бәйтеректің де негізгі кейіпкері. Оның мәні тыныштық пен тұрақтылық, молшылық пен береке. Еліміздің мақтанышына айналған әсем шаһарға тек асқақтық тән. Жасай бер, арманымдағы жас қала-Астана», – 
дейді Зере Әлібекқызы, Атырау облысы Исатай ауданы Жанбай ауылы жалпы білім беретін Хамидолла Наубетов атындағы орта мектептің 11 «А» сынып түлегі.

 

«Астана өнер мен білімнің, түрлі өркениет пен мәдениеттің ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар Еуразия даласының қақ ортасында орналасқан басты шаһар. Кең жазира даласы, бұрымдай өрілген мөлдір сулары, көкпен таласқан асқақ таулары, жасыл желек баурайлары Сарыарқа даласының кемел сұлулығын анық сипаттайды. Тамырдай бойлаған терең тарихы бар Астанамыз биыл 25 жылдық мерей тойын тойлауда.

Астана бағы жанған қала деп бекерге айтпаса керек. Бар жоғы жиырма жылдан астам тарихы бар болса да  қаламыз әлемдік деңгейдегі басты орталықтармен бәсекелесуге тұрарлық деңгейге көтерілуде. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері елімізде үлкен көлемдегі өзгерістер болды. Бастапқыда астанамыз Ақмола қаласы деп аталса, 1998 жылы жаңаша Астана деп аталды.

Осыдан бастап жаңа Астананың дәуірі басталды. Қос құрлықтың орталығындағы қаланың жаңа тарихи кезеңге өтуі елімізді түрлі жетістіктерге жетеледі. Қазірде ол тіпті әлемдік экономикалық байланыстың негізгі тірегі болып тұр. Бұған айқын дәлел жас қаламыздың саяси әрі демографиялық даму үрдісі. Қазіргі таңда еліміз бірнеше ондаған ұлт өкілдерін өзінің қол астына алып, оларға бейбіт өмір мен жарқын болашақ сыйлауда. Еуразия кеңістігіндегі ірі мегаполиске айнала бастаған елімнің жүрегі – Астананы мақтан етемін. Оның болашағы зор», деп жазған Сабина Муканова, Астана қаласы Сарыарқа ауданы С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназияның 11 «Ә» сынып түлегі.

 

«Қазақта сөз бар ғой: «Жүз естігеннен – бір рет көр» деген. Арман қала – Астанаға келгеніме де біраз уақыт болды. Телевизордан көру бар да, өзіңнің тамашалауың бар. Елордамыз гүлденіп кетіпті. Еліміздің бас қаласы Астана өте жас, тіпті жас қала. Ол 1830 жылы Ресей империясының шекаралық әскери бекініс ретінде құрылыпты дегенді тарихтан білем. Ол кездегі көрінісі тым қарапайым болса, қазіргі келбеті таңқаларлық.

Елорданың Арқа жеріне қоныс аударуымен  Астананың қарқынды даму кезеңі басталды – қала халқы белсенді түрде өсіп келеді, сәулеттік көркі таңдай қағарлық екен.

Бәйтеректен бастап әртүрлі зәулім ғимараттар: Ақ Орда, Бейбітшілік және Келісім сарайы, “Қазақстан картасы-Атамекен” этно-мемориалдық кешені, Астананың символы – “Хан шатыр”, Цирк – бәрі де ғажап!

Мен еліміздің жүрегі – Астана шаһарын мақтан етемін»,дейді Айдархан Райханов, Арал қаласы №220 орта мектептің түлегі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз