Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкері, Қарасай ауданының жер қатынастары бөлімі және “Азаматтарға арналған үкімет” ұйымы филиалының осы аудандағы тіркеу және жер кадастры бөлімінің жетекшілері ұсталды. Бұл туралы 14 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпарат бойынша, олар 2018 жылы университетке тиесілі Кемертоғандағы 9 гектар жерді заңсыз сатты деген күдікке ілінген.
“Университеттің жер телімі бірнеше телімге заңсыз бөлінген және жалған құжаттармен ұсталған тұлғаларға қатысы бар адамдарға рәсімделіп, кейін өзгелерге сатылған.
Аталған тұлғалар қылмыс іздерін жасыру және жер телімін университет балансына “қайтару” мақсатында 2021 жылдың қаңтарында құжатсыз мемлекеттің жер қорынан Көлді кентінде санитарлық аймақта орналасқан, жеке меншікке беруге жатпайтын жер телімін заңсыз бөлген” делінген агенттік хабарламасында.
Қазір күдіктілерге сот бұлтартпау шараларын қолдану жөнінде шешім шығарған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.