Ауа райының күрт нашарлауына байланысты 12 желтоқсаннан бастап Жамбыл облысы аймағындағы республикалық маңызы бар автожолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімінің тапсырмасымен 13 желтоқсаннан бастап өңірлік жедел штаб құрылып, республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылды. Қазіргі таңда 1279 адам құтқарылып, эвакуацияланды. Олар Қордай ауданындағы 6 жылыту пунктіне орналастырылды.
Қатты жел мен қардың салдарынан Шу ауданында электр желілері үзіліп, тірек тіректері құлады. Соның салдарынан «Шу Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап тұр, олардың әрқайсысында орташа есеппен 500-700 адамнан бар. 12 жүк пойызы өз уақытынан кешігуде. Жолаушылар пойызы ақырындап жүргізілуде.
Бұдан бөлек облыстың 4 ауданының 32 елді мекенінде 8 882 абонент электр қуатынан ажыратылған.
Қазіргі таңда өңірдегі желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жетуде. Ал «Қазгидромет» болжамына сәйкес алдағы күндері, 30 м/с қатты жел ұйытқуы сақталады.
Облыстық баспасөз қызметі, құтқару жұмыстарына 117 арнайы техника, 103 адам (ТЖД, әскери қызметшілер) жұмылдырылғанын хабарлады.
«15 желтоқсан сағат 06:00-дегі жағдай бойынша 2413 адам құтқарылды, олардың ішінде 90 бала бар. 600-ге жуық адам үйлеріне қайтарылды. 1813 адам алты ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді. 3 азамат Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайлары тұрақты, дәрігердің бақылауында. Екі күн ішінде жалпы 5000 адам құтқарылды», – деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылған. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған.