Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай туралы «Ардағы еді түркінің» атты жаңа деректі фильм көрерменге жол тартты.
Жиырма жылдан бері дайындалып келген жаңа деректі фильмде Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызмет жолы туралы баяндалады.
Режиссер Доқтырхан Тұрлыбектің айтуынша, фильм барысында Мұстафаның өмірі туралы жұртшылық біле бермейтін тың деректер көрсетіліп, оның образы жан-жақты ашыла түседі.
«Осының нәтижесінде саяси қайраткердің бітім-болмысын жан-жақты аша алдық деген ойдамын. Мұстафа Шоқай кешегі соғыс жылдарында 140 мыңнан астам түркі тектес халық өкілдерін неміс тұтқынынан босатуға көмек бергенін тарихтан жақсы білеміз», – дейді Доқтырхан Тұрлыбек.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында фильмнің таныстырылымы өтіп үлгерді. Алдағы уақытта деректі фильмді орыс, түрік және ағылшын тілдеріне аудару жоспарланған.