Шілденің 14 күні Елорданың 20 жылдығына орай еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Бурабайда Мұқан Төлебаевтың “Біржан-Сара” операсы ашық аспан астында сахналанды.
Бірегей өнер туындысын халықпен бірге елбасы Н.Назарбаев та тамашалады. Қазақ өнерінің жауһары саналатын қойылымға барынша нақтылық беріп,қазақ жерінің бай табиғатын көрсету үшін сахна ретінде сұлу өлке Бурабай таңдалды.
Біржан мен Сара рөлін сомдаған сомдаған халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш пен еліміздің еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы.
Майра Мұхамедқызының айтуынша вокалдық тұрғыдан қазақ операсында ең күрделі қойылымдардың көш басында тұрған осы “Біржан-Сара” операсы. Алайда қойылымды шығармашылық ұжым жоғары деңдейде шебер түрде орындап шықты. Сахна безендірілуі де табиғатпен үйлесе кеткен.
Естеріңізге сала кетейік, қазақтың бай музыкасы, салт-дәстүрі мен тұрмысы, ғашықтар жыры шебер бейнеленген опера драматургиясы алғаш рет 1949 жылы сахналанған. Ол кезде қойылым үшін автор Мұқан Төлебаевпен бірге шығармашылық ұжым Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.