Тамыздың 3-і күні Астана қаржы орталығының ашылуына орай Ұлттық музейде суретші Тимур Дайырбаевтың туындыларынан құралған «Қазақ рухы» атты көрме өтті.
Бұл Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған елеулі оқиғаның бірі деуге де толық негіз бар. Себебі көрмеде қылқалам шеберінің тарих, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымызға негізделген 12 үздік картинасы таныстырылды. Жиын барысында сөз алған Астана қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов көрменің Астана қонақтары мен тұрғындарына тарих пен ұлттық өнерді әрі қаржы қоғамдастығының бірлігін дәріптеуде маңызы зор екендігін атап өтті.
Еліміздің тарихына қызғушылық танытып жүрген жинақтаушылар профессор Гэйвин Кретчмар мен Әлпер Ақдеңіз де көрме барысында сөз сөйлеп, «Қазақ рухы» сериясының маңыздылығына тоқталды. Автордың «Қазақ рухы», «Қазақ аңшы әйелі», «Жауынгер рухы», «Керей хан», «Хандықтың ағайындылары», «Дала дипломатиясы», «Жібек жолындағы жазира», «Көкпар», «Сарайшық жібек саудагерлері», «Дала тойы», «Тұсау кесер», «Мәңгі көршілер» атты үздік туындылары қазақ өнерінің айнымас бөлігі ретінде көрермен тарапынан жоғары бағаланды.