Тал бесіктен – Жер бесікке: Нұр-Сұлтанда дәстүрлі әндер ерекше форматта шырқалды

0
389
Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры.

2 қараша күні Астана опера театрында Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры “Тал бесіктен – Жер бесікке” атты жаңа форматтағы театрландырылған сахналық қойылымын тарту етті.

Камералық хордың көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Гүлмира Құттыбадамова.

Қойылымда нәрестенің дүние есігін ашқан күннен бастап, қартайған шағына дейінгі сәттер әсем ән мен үйлесімді әрекет арқылы баяндалып, адамның бүкіл саналы ғұмырын театрландыру арқылы көрерменге жол тартты.

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хор әртісі Абылай Ерболат.

“Билеп жүріп ән айту қиын болғандықтан біраз дайындықты талап етті. Хор тобы болған соң көбіне классикалық шығармаларды орындаймыз ғой. Ал өзіміздің қазақы шығармаларды қойылым ретінде халыққа ұсыну қызық болды”, – деді хор әртісі Абылай Ерболат.

30-ға жуық адамнан құралған хор ұжымы ән айтып, өлең оқи жүріп, “Бесікке бөлеу”, “Тұсау кесу”, “Сырға салу”, “Сыңсу”, “Жар-жар”, “Той бастар” сияқты қазақ халқының салт-дәстүрін көрсетті. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған коцертте филармонияның камералық хор ұжымымен қатар Сарыарқа ансамблі, Халық әні бөлімі әртістері өнер көрсетті.

Маған бұл концерт қатты ұнады. Әсіресе, “Қамажай”, “Қарлығаш”, “Жар-жар” әндері жүрегіме жетті. Әншілердің өнеріне тәнтімін. Керемет кеш болды. Оларға шығармашылық табыс тілеймін”, – деді кештен кейін көңіл-күйімен бөліскен көрермен Алпамыс Файзолла.

Хордың театрландырылған сахналық қойылымында “Бесік жыры”, халық әндері “Ахау, керім”, “Балапан қаз”, “Шилі өзен”, Абай Құнанбаевтың “Қараңғы түнде тау қалғып”, Біржан салдың “Теміртас”, Сәкен Сейфулиннің “Тау ішінде”, Ахмет Жұбановтың “Қарлығаш”, Бақытжан Байқадамовтың “Он алты қыз” сынды әндермен қатар, Құрманғазы мен Махамбеттің күйлері орындалды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз