Шартарап өткен аптада өзекті ақпараттар легінде болды. Өткен жұмада әлемде орын алған оқиғаларға жіті назар салсақ, қай тұрғыдан алсақ-та оқырманның назарын сан-саққа жүгіртетін жұмбақ әлде жылымық жайттар көсіліп жатыр.
Саудияда өзгеше саясат: жемқорлықпен күрес…
Сауд Арабиясы өткен аптада әлем назарында болды. Елде орын алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы операция астарына не жасырарын ұғынтпағанымен, формальді түрде Король әулетінің 11 ханзадасы тұтқындалды. Бұдан өзге бұрынғы және қазіргі мемлекеттік шенеуніктерде тұтқында. Тұтқындауға себеп – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шеңберінде жүргізілген операция деп мәлімделді.
Тұтқындардың қатарында бір қызығы ірі саудиялық кәсіпкер, бизнесмен, Citigroup-тың бірлескен иеленушісі әл-Валид бин Талал да бар. Сауд Арабиясындағы оқиғаларға АҚШ Президенті Дональд Nрамптың ықпалы бар дейді «Ханзадалар қақтығысы» тақырыбында «Айқында» саяси талдамалық мақала жариялаған Амангелді Құрметұлы. «Өткен көктемде Трамп араб елдерін аралап, «АҚШ және ислам әлемі» саммитіне қатысқан соң, көп өтпей Араб түбегінде біраз ел, соның ішінде Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері, Бахрейн бар оншақты мемлекет Катармен шекісіп қалған. Катарға қысым жасап, дипломатиялық қатынастарды үзуге дейін барған. «Катар террористерді қаржыландырып жатыр» деген айып та таққан. Содан бері Катар елі мен өзге арабтар татуласа қойған жоқ. Енді міне, Сауд Арабиясының өзі бүлініп жатыр. Ханзадалар мен ірі кәсіпкерлер тұтқындалып, 1200 ден астам есеп-шот бұғатталыпты. Ал, Трамптың бұл іске қатысына келсек, АҚШ президенті Сауд Арабиясындағы «антикоррупциялық операция» аталған шара басталмастан бұрын өңірге күйеу баласы Джаред Кушнерді жіберген көрінеді. Оны Politico басылымы жазды. Басылым Кушнердің Сауд Арабиясына барғанын, оның АҚШ-тың арабтарға қару-жарақ сатуы мәселесінде маңызды рөл ойнайтынын атап өткен. Оның үстіне Кушнер «антикоррупциялық операцияны» ұйымдастырған тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның жақын досы көрінеді. Ал тұтқындалған ханзадалардың ішінде Трампқа қарсы мәлімдеме жасаған, Трампты «қара бет» деп атаған ханзада Әл Уалид бин Талал, араб нарығында америкалықтарға үлкен бәсеке тудырып жүрген кәсіпкерлер де бар. Бір ғана Талал ханзаданың қамауға алынуы да АҚШ билігінің король әулетіндегі дау-дамайға қатысы бар екендігін көрсетіп отыр. 18 млрд доллар қаржысы бар, Newscorp, Citigroup, 21st Century Fox және twitter-дің біраз акцияларына иелік ететін Талал ханзаданың тұтқындалуына сөз жоқ Трамп разы болары анық. Өйткені, Талал ханзада Трамп сайлауға түскен кезде оған қарсы бірнеше мәрте мәлімдеме жасаған. Трамп Талал ханзадаға «Әкесінің ақшасына малданып, АҚШ саясатына ықпал етуге тырысып жүр. Мен президент болып сайланған соң, мұндай әрекетке жол бермеймін» деген еді. Шамасы, АҚШ президенті дегеніне жеткен сияқты. Бәсекелестерін тұтқындап, қамауға алған тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманға қарата Трамптың «Тақ мұрагеріне деген сенімім зор» деуі соның айғағы болса керек. Яғни, АҚШ президенті есесін қайтарғанға ұқсайды», – деп жазады автор. Ақиқатында болған оқиғалардың саяси гипотезасы осы шамалас болғанмен, нақты объективтілігі Саудиялық ханзадалардың өздеріне аян.
АҚШ-тың Жапонияға ұсынысы
Дональд Трамп демекші өткен аптада АҚШ президенті Азия елдеріне сапар жасады. Нақтырақ айтсақ Жапонияға мемлекеттік сапармен келді. Әр күн сайын аты шулы жаңалықтардың басты фигурантына айналатын Трамп тағы да әдетінен жаңылмады. Жапонияға жасаған сапарында «Стратегиялық шыдамның дәуірі аяқталды», – деп мәлімдеген Трамп КХДР-ды айналып өтпеді.
Токиода БАҚ-қа мәлімдеме жасау барысында Синдзо Абэ және Дональд Трамп Солтүстік Кореядағы мәселенің әскери шешішімін табуға келісті. Бұдан өзге Трамп Токио үкіметіне АҚШ-тан КХДР-дың өршіп келе жатқан қаупінен қорғану үшін қару сатып алуды ұсынғанын айтты. Трамптың сөзінше, мұндай қадам Жапонияның өзін қорғауына және КХДР-дан ұшқан зымырандарды құлатуына көмек береді. Абэ қажеттілік туындаса, мұны істейтінін айтты, деп хабарлады Reuters. Атап өтерлігі, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы шиеленіскен жағдай әлі де шешімін таппай келеді.
Техастағы қырғын
Трамп Жапонияға сапарлап жүргенде, АҚШ-тың Техас штатының Сазерленд-Спринг қаласындағы баптист шіркеуінде атыс-шабыс орын алды. ВВС-дің мәліметінше, атыс нәтижесінде 20 адам қаза тауып, 30 жараланған.
Бұл туралы Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Құдай Техастағы Сазерленд-Спринг тұрғындарына жар болсын! Тергеу Федералды Бюросы және құқық қорғау органдары оқиға орнында. Мен жағдайды Жапониядан бақылап отырмын», – деп жазады.
This is the scene outside of the church in Texas:
27 dead 24 injuredpic.twitter.com/tIc1Qn4UGv— Jemisha (@jemisha_johnson) November 5, 2017
Алдын ала анықталған мәліметтер бойынша шабуыл жасаған Нью-Браунфельс қаласының тұрғыны Девин Келли деп көрсетіледі. Бұрында істі болған Келли, оқиға орнында қаза тапқан.
Жұмбақ өлім
6 қарашада Сауд арабиясының ханзадасы Мансур бин Мукрин мінген тікұшақ апатқа ұшырап, ханзада және ханзадамен бірге бірнеше шенеунік қаза тапты. Бұл суыт хабарды ВВС таратты. Апат себебі белгісіз.
Қазақ-қырғыз шекарасы
10 қараша күні Женевада Дүниежүзілік сауда ұйымының тауар саудасы бойынша Кеңесінің отырысы өтті, онда жекелеген мәселе ретінде Қырғызстанның Қазақстанмен шекараға қатысты шағымы қаралды. Қырғыз делегациясы Қазақстанның ДСҰ-ның іргелі принциптерін, атап айтқанда, ең қолайлы режимді, транспаренттілікпен қамтамасыз ету туралы ережені, сондай-ақ транзит пен теңдікке қатысты еркіндік принциптерін бұзуын атап өткен деп хабарлаған Қырғызстан Үкіметі ХҚҚ-ға сілтеме жасай отырып шекаралық бақылауды күшейтудің кесірінен экономикалық ысырап 200 млн АҚШ долларына жуық қаржыны құрағанын атап, бұл Қырғызстан экономикасының 0,3 %-ға төмендеткенін жеткізді.
Азаттықтың хабарлауынша, өз кезегінде Қазақстан тарабы аймақтық ұйымдардың кездесулерінде бірнеше мәрте айтылған жағдайды іс жүзінде қайталап, тексерулерді қатаңдату «контрабандаға қарсы», контрафактілік тауарлар, санитарлық және фитосанитарлық талаптарға байланысты екенін алға тартты.
Атап өтерлігі, Астана Қырғызстаннан ет, сүт және кондитерлік өнімдер тасымалын шектеді. Оған себеп – қырғыз өнімдері талапқа сай келмейді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулықты сақтау Комитетінің өкілі Жандарбек Бекшин өз сөзінде осы жылы өнімді сатып алу қорытындысы бойынша анықталған фактілерде құқық бұзушылықты жоюға 800 өтінім берілген , әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша 826 іс қозғалып, 415 сот қаулысы қабылданған, оның ішінде 360 өтініш қанағаттандырылды, 19,5 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынғаны, сауда кәсіпорындарында сатудан 172 тоннадан астам сәйкес келмейтін өнімдер тәркіленгенін мәлімдеді.
Йеменде ашаршылық орнай ма?
“Йеменде аштық басталуы мүмкін». Дәл осылай БҰҰ дабыл қағады. 9 қарашада БҰҰ гуманитарлық көмек жөніндегі бас хатшысының орынбасары Марк Лоукок Сауд Арабиясы басқарған коалиция блокаданы алып, аймаққа гуманитарлық көмек жеткізуді қалпына келтірмейінше, Йемен «соңғы бірнеше он жылдықтағы ең қорқынышты» ашаршылық қаупінің алдында тұрғанын мәлімдеді. Лоукоктың мәлімдеуінше, бұл бірнеше он жылдықта орын алмаған ең сұмдық аштық болуы мүмкін деп хабарлаған РИА Новости БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Йеменге гуманитарлық көмек жасауға шақырғанын жариялады. Өз кезегінде дүйсенбі күні Араб коалициясының қолбасшысы йемендік бүлікші-хуситтардың Эр-Риядқа зымыран жіберуіне байланысты Йеменнің барлық жер, әуе және теңіз порттарын жауып тастағанын айтқан.
Алпауыттар мәлімдемесі
11 қарашада Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен АҚШ Президенті Дональд Трамп Сириядағы «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымын жоқ қылуға бел байлағандарын мәлімдеді. Екі алпауыт ел басшыларының мәлімдемесінде Сириядағы қақтығыстың әскери шешімі жоқтығы баяндалып, жағдайды тұрақтандыру Женева процесі аясында жүзеге асу керектігін айтты (БҰҰ-ның 2254 резолюциясына сәйкес «Сирияның егемендігіне, аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік зайырлы сипатына» өз бейілділіктерін білдірді). Бұдан қала берді Трамп пен Путин БҰҰ-ға мүше елдерді Сирия үшін көмекке үндеді.
Өткен аптадағы шартарап қорытындысының түйінді оқиғалар легі осындай. Келер аптаның керек ақпараты kazaknew.kz тізбегінде.
Сабина Сайлаубай