Әйгілі америкалық актер Леонардо Ди Каприо өзінің әлеуметтік желісінде Тұран жолбарысын Іле-Балқаш аймағындағы тарихи мекеніне қайтару туралы Қазақстан Үкіметінің WWF (World Wildlife Fund) Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорымен бірлескен бастамасына қатысты пікірімен бөлісті.
Өз мәлімдемесінде голливуд актері: «Сіздер естідіңіздер ме? Қазақстан жарты ғасыр бұрын жоғалып кеткен жабайы жолбарыстарды Орта Азияға қайтаратын тұңғыш ел болмақ», – деп жазады. Ол сондай-ақ өз жарияланымында Қазақстанның жолбарыстарды реинтродукциялау жоспары жабайы табиғатты қорғауда және Tx2 мақсатына жетуге жәрдемдеседі деп атады.
Атап өтерлігі, Tx2 – WWF қорының жаһандық бастамасы, ол 2022 жылға қарай әлемдегі жолбарыстардың санын екі есе көбейтуді көздейді. Бұдан бұрын шетелдік БАҚ-та хабарланғандай, актер Леонардо Ди Каприо қоры табиғатты қорғау мақсатында 20 млн. доллар бөлген.
Тұран жолбарысы немесе кавказдық жолбарыс (кейде Каспийлік жолбарыс деп те аталады) – Орталық Азияда, Иранның солтүстігінде және Кавказда мекендейтін жолбарыстардың жойылған кіші түрлері. Бұл түр жүнінің ашық сары түсімен және жолақтарының ұзындығымен ерекшеленеді, жолақтары ұзын және қоңыр түстес болған.
Сайлаубай Сабина