6 қазан таң сәріде Ресейдің Владимир облысының Порков стансасында пойыз бен жолаушылар автобусы соқтығысып, 15 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізіледі. РФ ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 17 адам қаза тапқан. Қазіргі таңда жол апатынан зардап шеккендер Петушинский ауруханасында жатыр.
Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігі Порков стансасында апат болған Mercedes маркалы жолаушылар автобусының ОҚО тіркелгенін атап өтті. Елшілік зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматының бар екенін мәлімдеді.
1977 жылы дүниеге келген ОҚО азаматы қазіргі таңда Порков қаласының ауруханасында уақытша ем алу бөліміне жеткізілген болса, 1970 жылы дүниеге келген автобус жүргізушісі оқиға орында көз жұмды.
Автобуста болған 55 жолаушының барлығының Ресей территориясында жұмыс істейтін Өзбекстаннан келген еңбек мигранттары екені анықталды. Көлік апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жалғасуда.
Жадыра Аманбайқызы