Түркия америкалық пастор Эндрю Брансонды тұтқыннан босатқаннан кейін Америка Құрама Штаттарының Түркияға қарсы салған санкцияларын жуық арада кері қайтарып алады деп үміттенеді. Бұл туралы Түркия президентінің өкілі Ибрагим Калын мәлімдеген.
«Түркияға қарсы санкция салу туралы шешім мағынасыз әрі көңілге қонымсыз кері бағалауларға негізделген. Біздің көзқарасымызға сай санкция мәселесі орындалуға міндетті деп саналмаған. Түркия санкциялардың жуық арада қайта алынып тасталуын күтеді. Санкцияларды кері алу Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың қалыпқа келуіне оң қадам болады»
Эндрю Брансон 2016 жылы Түркияның Измир қаласында мемлекеттік төңкеріс кезінде террорлық ұйыммен байланысы бар деген айыппен қамауға алынған болатын. Америка Құрама Штаттары 2018 жылдың 1 тамызында аталған оқиғаға байланысты Түркияның Ішкі істер министрлігі және Әділет министрлігіне қарсы санкциялар енгізген.
12 қазанда Измир қаласының соты Эндрю Брансонды үш жылға бас бостандығынан айырды. Алайда тергеу басталғаннан бергі уақытты ескере отырып, оны қамаудан босату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, Измир соты Брансонға елден кетуге тыйым салған. Дегенмен келесі күні Эндрю Брансон Америкаға оралды. Өткен сәрсенбіде Түркияға сапармен келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Пампео пастордың босатылуы Анкара мен Вашингтонның арасындағы қарым-қатынасқа қолайлы мүмкіндік тудырғанын мәлімдеген.
Жадыра Аманбайқызы