Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзияев келгелі бері болып жатқан өзгерістер арқасында ел экономикасы қарқынды дамып барады. Осы арқылы ол он жылда Орталық Азиядағы көшбасшы – Қазақстанды басып озып, аймақтағы ең қуатты елге айналуы ықтимал. Британдық Financial Times басылымы осындай болжам жасаған.
“Кейбір халықаралық болжамдарға қарағанда, халық санының өсуі мен экономиканы әртараптандыру арқасында Өзбекстан Қазақстанды басып озып, он жыл ішінде Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға айналуы мүмкін. Өзбекстан постсоветтік елдердің көбін біріктіретін Тәуелсіз мемлекеттер достастығында Ресейден кейінгі екінші орынды алуға ұмтылады” деп жазады Financial Times.
Басылымның ақпаратына қарағанда, бес жыл бұрын ғана Өзбекстан инвестиция қабылдауға дәрменсіз еді. Қазір ол “экономикалық өсімімен күллі әлем инвесторларын өзіне қаратып отыр”.
Автордың жазуынша, “елдің қаржысын құпия ұстаған” авторитар президент Ислам Каримов 2016 жылы көз жұмған соң билікке келген Мирзияев валютаны либералдандырып, “жаңа реформаға жол ашқан”.
Өзбекстан Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 2015 жылы 141-орында болса, былтыр 69-орынға көтерілген.
Осы аралықта мемлекет салықты азайтып, бюджет мәліметтерін жариялауға көшті, көршілермен сауданы жандандырды, ипотека несиесін бере бастады.
Еуропа қайта құру және даму банкі бұл елге жалпы 2,6 млрд еуро инвестиция құйған, соның жартысынан астамы – қазір жүріп жатқан жобалар.
2015 жылдан бері тікелей инвестиция көлемі үш есе ұлғайып, 1,7 млрд долларға жеткен, оның көбі жасыл экономикаға салынып жатыр. Ел астанасы – Ташкентте элиталық үй-жай, қымбат көлік көбейген, арасында электр көліктері де бар.
Дегенмен шешілмеген мәселе де көп дейді автор. Соның бірі – халықтың кедейлігі. Елдегі орташа айлық жалақы – 160 доллар.
“Жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімнің төмендігі – Өзбекстан экономикасы үшін ең көкейкесті мәселенің бірі” дейді автор. Ресми болжам бойынша, елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ биыл 1900 доллар, ал 2026 жылы 2800 доллар болмақ. Сарапшылар қарқынды дамып жатқан елде табыс көлемі де жылдам артады деп болжайды.
Автордың жазуынша, қаржы саласындағы шенеуніктерді ең қатты толғандыратын нәрсе – елдегі екі таңбалы инфляция. Бірақ ол да жыл өткен сайын баяулайды деген болжам бар.