Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі ауруханадан тыс пневмонияны (пневмонияға ауруханаға жетпей тұрып шалдығу) COVID-19 ауруына теңестіретін бұйрық шығарды. Бұл туралы елдің вице-премьері Аида Смаилова мәлімдеді.
Смаилованың сөзінше жақын арада денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 жөніндегі ұлттық клиникалық нұсқаулықтың үшінші нұсқасын шығарған.
“[Нұсқаулық] стационарлық және амбулаториялық көмек көрсету үшін науқастарды коронавирус инфекциясынан, оның асқынған жағдайларынан, соның ішінде ауруханадан тыс пневмониядан емдеу алгоритмінен тұрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аурулардың халықаралық жіктемесінде COVID-19 зертханалық талдау арқылы анықталатын U.07.1 кодына да, зертханада нақтыланбайтын, бірақ клиникалық белгілері немесе рентген арқылы көрінетін U.07.2 кодына да жатады. Денсаулық сақтау министрлігі ауруханадан тыс пневмонияны U.07.2 кодына жатқызатын бұйрық шығарды. Осылайша ауруханадан тыс пневмонияның статистикалық жағдайлары COVID-19 болып саналады” деді Исмаилова.
Коронавирус эпидемиясы басталғалы Қырғызстанда коронавирустан ресми 167 адам, пневмониядан 612 адам қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, пневмонияға шалдығу жағдайларының 95 пайызында аурудың қоздырушысы COVID-19 болып отыр. Осы уақытқа дейін билік COVID-19 науқастары мен пневмония науқастарын бөлек санап келді.
Қырғызстан белгілері коронавирустікіне ұқсайтын, бірақ тест нәтижесі теріс шыққан пневмония жағдайлары күрт көбейген екі елдің бірі. Дәл осындай жағдай Қазақстанда да байқалып отыр.
Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы алты айында пневмонияға шалдыққандар саны алдыңғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 55,4 пайызға өсіп 98 546-ға жеткен. Тек 1-8 шілде аралығында пневмонияға 56 809 адам шалдыққан. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Билік шілдеде пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Пневмонияның осы деректері коронавирус статистикасына кірмеген. Билік шілде айында қанша адамның пневмониядан қайтыс болғанын, 9 шілдеден бері қанша адамның пневмонияға шалдыққанын айтпай отыр.
Ресми статистика бойынша, Қазақстанда барлығы 66 895 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 39 мыңнан астамы жазылып шыққан, 396-сы қайтыс болған. (RFL/RL)