23 мамырда Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ұлықбек Мәріпов кейбір түйткілді мәселелер шешілгенге дейін “Тәжікстанмен шекара арқылы байланысуды толық тоқтату туралы шешім” қабылданғанын хабарлады.
Мәріпов бұл туралы Ош облысы Чон-алай ауданының шекараға жақын орналасқан ауыл тұрғындарымен кездесуі кезінде мәлімдеген.
“Қазіргі уақытта шекара біз үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Мұны шешу үшін барлық күш-жігер жұмсалуда. Біз оны міндетті түрде шешеміз… Шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселелерін шешумен қатар оны нығайтуды мақсат етіп қойдық. Ол үшін шекарашылар үшін барлық қажетті жағдай жасалады. Мемлекеттік шекараны нығайту мәселесінде жергілікті тұрғындар да маңызды рөл атқарады. Сондықтан сіздерді шыдамдылық пен түсіністікке шақырамын”, – деді Қырғызстан үкіметінің басшысы.
28-30 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болып, нәтижесінде 154 адам жарақаттанды, 36 адам, оның ішінде екі бала қаза тапты. Тәжікстан билігі 19 адам қаза тауып, 87 адам жараланғанын ресми жариялады.
Екі ел де қақтығысты бірінші болып бастады деп бір-бірін айыптайды.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстар көбіне жер, су және жайылым үшін болады. Екі елдің ортақ шекарасы 970 шақырымнан тұрады. Оның жартысына жуығы бөлінбеген де, белгіленбеген де. Яғни делимитация мен демаркация жасалмаған.