Қырғызстанда парламент сайлауы әділ өтпегенін алға тартқан наразылар митингке шығып бір түнде “Ақ Үйді” басып алды. Бұл туралы sputnik.kg сайты хабарлады.
Көрші Қырғызстанда митинг кешкі сағат сегіз шамасында басталып, оппозиционерлер “Ақ Үйді” қоршап, дуалға мініп, тас лақтыра бастаған.
Арнайы әскер наразылық білдірушілерді таратпақ болып көзден жас ағызатын газдармен қуған, бірақ бөгет бола алмаған.
Қақтығыс бірнеше сағатқа созылған. Бірнеше адам жарақат алып ауруханаларға жеткізілген. Барлығы 590 адам жарақаттанып, 13 адам жан сақтау бөліміне түскен. 1 адам қайтыс болған.
Сағат таңғы 3:00 шамасында оппозиционерлер “Ақ Үйді” толық басып алды. Ал қауіпсіздік қызметкерлері көрінбеді. Араға бір сағат салып шерушілердің бір бөлігі ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына барып, экс-президент Алмазбек Атамбаевты бостандыққа шығарып алған. Сағат таңғы 7:00 шамасында “Ақ Үйден” түтін шыға бастаған. Қазірге дейін өрт өшірілген, көшелерді еріктілер қоқыстан тазартып жатыр.