Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пневмония диагнозымен мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысынан ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Комитеттің хабарлауынша, 29 маусымда Атамбаев өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Осыдан кейін одан COVID-19 вирусының бар-жоғын анықтайтын ПТР анализі алынған. Атамбаевтан коронавирус табылмаған. Бірақ дәл сол күні дәрігерлер онлайн консилиум өткізіп, бұрынғы президентке “пневмония” деген диагноз қойған. Консилиум Атамбаевты ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдаған.
Қауіпсіздік комитеті тергеу абақтысында кездесулерді шыныдан жасалған қабырға арқылы өткізуді ұсынды. Бірақ Атамбаев кейінгі аптада адвокаттарымен және туыстарымен бетпе-бет кездескен.
“Ресми дерек бойынша, вирустық инфекцияның белгілері анықталған [Атамбаевтың] адвокаты Замир Жоошев Ыстық-Ата аудандық ауруханасында COVID-19 симптомдарына байланысты емделіп жатқан жақын туысымен байланыста болған” делінген мәлімдемеде.
Комитет тергеу абақтысы қызметкерлерінің медициналық тексеруден өткенін, олардан коронавирус инфекция анықталмағанын айтты.
Алмазбек Атамбаевтың ұлы Сеид Атамбаев Facebook желісінде туыстары атынан мәлімдеме жариялап, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында Атамбаевқа вирусты әдейі жұқтырған деген пікір айтты.
“Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда жатқандар туыстар арқылы бізге абақтының барлық қызметкерінде коронавирус болуы мүмкін деген күдік барын жеткізді… Атамбаев вирусты абақты қызметкерлерінің ауру профилактикасы мен қызметтік міндеттерін дұрыс атқармауы салдарынан жұқтырды” дейді Сеид Атамбаев.
Ұлының сөзінше, Атамбаевты тергеу абақтысына туыстарына айтпай алып шыққан, бұрынғы президенттің қайда екенін туыстары білмейді.
Азаттық сайтының хабарлауынша, 23 маусым күні Бішкек қаласы Первомайский аудандық соты Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты 11 жыл 2 айға соттап, дүние-мүлкін тәркілеу туралы үкім кесті. Атамбаевқа сот үкімі “қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі” бойынша шықты.
Атамбаевқа бұдан бөлек Кой-Таштағы оқиғаға қатысты “Адам өлтіру”, “Кепілге алу”, “Бұзақылық”, “Билік өкіліне күш қолдану” сынды баптармен де қылмыстық іс қозғалған.
2019 жылы 7-8 тамызда Шу облысы Аламудун ауданындағы Кой-Таш ауылында “Алмазбек Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп жеткізу” операциясы кезінде күштік құрылымдар мен саясаткер жақтастары арасында қақтығыс болған. Ауыр жараланған арнайы жасақ өкілі көз жұмды, бірнеше адам зардап шекті. 200-ден астам адам жараланды. 8 тамызда Алмазбек Атамбаев пен жақтастары билікке өз еркімен берілген. Ол содан бері қамауда отыр.