Өзбекстанда коронавируспен күрес жөніндегі республикалық комиссия 1 шілдеден бастап карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады.
Елде демалыс күндері ірі сауда кешендері залалсыздандыру үшін жабылады, ал қоғамдық көлікте жолаушылар қашықтықты ұстана отырып отырғызылады. Сондай-ақ супермаркеттердің кіреберісінде маскалар мен медициналық қолғаптар тегін таратылатыны айтылды.
Өзбекстанда қалалар мен облыстар инфекцияның қаншалықты тарағанын көрсету үшін “қызыл”, “сары” және “жасыл” деп үш түрлі белгіленіп отыр. “Қызыл” және “сары” аймақтарда қоғамдық орында үш адамнан артық жиналуға болмайды, ал түнде көшеде және көпқабатты үйлердің алдында жүруге болмайды.
Карантинді бұзу арнайы комиссияның шешіміне сай әкімшілік жазаға әкеледі.
Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар аурудың деңгейіне байланысты жеңіл, орта және ауыр болып үш санатқа бөлінді. 5 шілдеден бастап вирустың жеңіл түрімен ауырып жатқандар немесе “симптомсыздар” үйлерінде емделеді. Арнайы комиссияның хабарлауынша, ауру белгілері байқалмаған науқастар 10 күн ішінде “медициналық бақылаудан” шығарылады.
Ресми дерек бойынша, коронавирус елде 8503 адамнан анықталған. Барлығы 26 адам қайтыс болған. 5600-ден астам жазылған, 2800 адам стационарларда емделіп жатыр.