Қазақстандағы шетелдік дипломаттар референдумды талқылады

0
163
Шетелдік дипломаттар. Photo: MFA Qazaqstan

Сәрсенбіде Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Орталық референдум комиссиясы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі 5 маусымдағы жалпыұлттық референдумға арналған Нұр-Сұлтан қаласында аккредиттелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер үшін бірлескен брифинг өткізді. Бұл жөнінде СІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

Жиында сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан халықаралық әріптестер тарапынан дауыс беруді объективті бағалауға және президент Тоқаевтың реформалар күн тәртібін одан әрі қолдайтындарына үміт артатынын атап өтті.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және Орталық референдум төрағасы Нұрлан Әбдіров. Photo: MFA Qazaqstan

Орталық референдум комиссиясының (ОРК) төрағасы Нұрлан Әбдіров алдағы дауыс беруге дайындық барысы және оның негізгі рәсімдік аспектілері туралы баяндап берді. Ол азаматтардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың еркін ерік білдіруі үшін жағдайларды, сондай-ақ азаматтардың өзінің сайлаушы ретінде тіркелуін тексеру, дауыс беру процесі туралы ақпаратты барлық азаматтарға жеткізу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын жеткізді.

“Орталық референдум комиссиясы өз жұмысын заңға қатаң сәйкестікте құрып, ашықтық және жария диалог қағидаттарында әрекет етеді. Барлық отырыстар БАҚ қатысуымен өтеді, интернетте тікелей трансляция болады. Біз үкіметтік емес ұйымдармен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық институттармен ынтымақтастықты жақтаймыз”, – деп атап өтті ОРК төрағасы.

ОРК мәліметінше, бүгінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ, ТМД, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, сондай-ақ 13 шет мемлекеттен 105 бақылаушы тіркелген.

Шетелдік дипломаттар. Photo: MFA Qazaqstan

Науқан шеңберінде жалпыұлттық және өңірлік қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау бойынша ҮЕҰ үшін оқыту семинарлары өтеді.

СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, пікір алмасу барысында шетелдік дипломаттар референдумға тарихи қызығушылық танытқан. Олар ОРК басшысына сұрақ қойып, дауыс беру мәселесін талқылаған.

СІМ және ОРК басшыларымен кездесуге 70-тен астам шетелдік дипломат, оның ішінде 41 елші, 10 уақытша сенімді өкіл және 3 халықаралық ұйым өкілдіктерінің басшылары қатысты. Сонымен қатар іс-шараға Қазақстанның елшілері мен шет елдердегі мекемелерінің басшылары онлайн қатысты.

Еске салайық, дауыс беру күні шетелде жүрген қазақстандықтар әлемнің 52 еліндегі ҚР дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған 65 сайлау учаскелерінің бірінде референдумға қатыса алады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз