Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Instagram парақшасында Covid-19 дертіне шалдыққаны туралы жазды.
“Соңғы күндері көп азаматтар денсаулығыма алаңдаушылық білдіріп, хабарласып жатыр. Әлемдік пандемия салқыны маған да тиді. Коронавирусқа тапсырған тест оң нәтиже көрсетті. Алдымен үй жағдайында ем қабылдап бастаған едім. Қазір ауруханада дәрігерлердің толық бақылауындамын. Тиісті ем шараларын қабылдап жатырмын. Дәрігерлер атаған COVID симптомдарын бастан өткерудемін”, – деп жазды Бекболат Тілеухан.
Оның айтуынша, қазір вирустың таралу ықтималдығы артты.
“Сондықтан, азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантин әлі бітпеді”, – деді депутат.
Қазақстандық шенеуніктерден коронавируспен бұған дейін бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров айығып шыққан болатын.
6 маусымда президент Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлиден вирус анықталды. Уәли Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылғанын да хабарлаған.