Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының қамалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, 28 мамырда сот оны қамауға рұқсат берген.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Cұлтан қаласы бойынша департаменті “Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі” халықаралық көрмесін өткізуге қатысты жүргізілген мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге бюджет қаражатының жымқырылуына байланысты Ұлттық музейдің лауазымды тұлғалары және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді” деп жазылған агенттіктің 29 мамыр күнгі хабарламасында.
Агенттік тергеу құпиялылығына байланысты қалған ақпарат жарияланбайтынын айтты.
Ұлттық музей директоры, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық музейде тінту болғаны жөнінде ақпарат 16 мамырда шыққан. Кейін экс-министрдің “суицид жасағаны” жайлы ақпарат тарады, бірақ оның көмекшілері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Артынша экс-министр президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, жемқорлықпен күрес агенттігінің өзіне қатысты тергеу бастағанын растап, істің астары туралы болжамын айтқан. Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық музейдің лауазымды тұлғалары 146 млн теңге қаражатты ұрлады деген күдікке ілініп отырғанын хабарлаған.
Осы апта соңында Мұхамедиұлының Нұр-Сұлтандағы уақытша қамау изоляторына қамалғаны айтылды.
2019 жылдың шілдесінен бастап Ұлттық музейге жетекшілік еткен Арыстанбек Мұхамедиұлы оның алдында бірқатар үзілістермен мәдениет және спорт министрі болған. 2008-2014 жылдары аралығында Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болған.