11 қыркүйек Президент Әкімшілігі құрамымен жиналыс өткізген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отырыс қатысушыларына Президент Әкімшілігінің жаңа басшысын таныстырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Ә. Исекешев өзінің көмекшісі болғанын алға тартқан мемлекет басшысы бұған дейін оның министр, вице-министр қызметін атқарғанын атап өтті.
“Соңғы екі жарым жылда елдің ең басты қаласында қызмет етті, астаналықтардың жақсы бағасына ие болды. Оны белсенді ұстанымы мен креативті қадамы айқындайды. Бізге дәл қазір осындай адам қажет. Ол Астана әкімі болған уақытта біз “EXPO-2017″ көрмесі мен Астананың 20 жылдық мерейтойын абыроймен өткіздік”, – деген мемлекет басшысы Ә. Исекешев алдағы қызметін де абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Еске салсақ, 10 қыркүйекте президенттің өкімімен бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Бұған дейін Астана қаласының әкімі қызметін атқарған Әсет Исекешев ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалды. Ал бұрын ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымын атқарған Әділбек Жақсыбеков қызметінен зейнет жасына толуына байланысты босатылып, “Цесна” АҚ директорлар Кеңесінің басшысы лауазымына тағайындалды.