Түркияның соңғы уақытта ең ірі сауда факторы болатын Батыс елдерімен қарым-қатынасының нашарлауы, НАТО-дан «шығамыз», АҚШ-тың немесе өзге де мемлекеттердің әскерін «шығартқызамыз» деген популистік ұрандары Түркияның ұлттық қауіпсіздігі мен аймақтық біртұтастығына үлкен залал. Бұл туралы саясаткер Айдос Сарым Kazaknews.kz сұхбат беру барысында мәлімдеді.
Саясаткердің сөзінше, Түркия бұған дейін түркі мемлекеттері үшін жақсы бір даму моделінің үлгісі болды. Соңғы кездердегі Ердоған жүргізген саясаттың нәтижесінде Түркия авторитарлы мемлекетке айналып жатыр. Сондай-ақ, Түркияның ішкі даму үдерісінде батыстық құндылықтарды жоққа шығару заң факторының өршуіне әкелуде, дейді саясаткер.
“Бөліп ал да, билей бер” Түркияны жақсылыққа апармайды”
Сарымның айтуынша, Түркиядағы президент сайлауындағы дау-дамай кандидаттардың қанша рет намазан оқитындығына, кім қаншалықты ислам үдерісіне адал сынды сұрақтарға ауысып кетуі күдікті күмән тудырады. Елдегі мәселелердің сыртқы жауға негізделуі, ортақ түркішілдік мұратынан гөрі «бөліп ал да билей бер» деген саясатқа ауысуы Түркияны жақсылыққа апармайды дейді.
“Түркияның мұсылман әлемінің көшбасшысы болу деген амбициясы – тәуекелге бас тігу”
«Түркия онсыз да күрделі күрд мәселесін саясиландырып, басқа дәрежеге шығарып жіберді. Онсыз да Стамбұлда қаншама мың күрд тұрып жатыр. Барлығын мемлекетшіл позициялардан этникалық фракцияларға бөлу айналып келген кезде саяси қателік. Ал Түркияның түркі әлемінің емес, бүкіл мұсылман әлемінің көшбасшысы боламыз деген амбициялары Түркияны Сириядағы дағдарыстың үлкен бір бөлігіне айналдырып жіберді. Түркияның өзіндегі араб мәселесін тудырып жатыр», – дейді саясаткер.
«Түрік қоғамы демократияны көріп қалған ел. Әрине қазіргі билік барлығын бір қолға шоғырландырып, саяси оппозицияның қадамдарына балта шабатын әрекеттерге барып жатыр. Дегенмен, іштегі проблеманың барлығы тек «жаулардың кесірі» деген саясатпен алға қадам жасау қиындау. Әсіресе, мынадай экономикалық, өзге де проблемалар туындап жатқан кезде , сондай-ақ лираның құнсыздануы тұсында, бұрынғы экономикалық мүмкіндіктерден айрылып жатқан кезде мұндай қадамдарға бару – тәуекел тудырады », – дейді А. Сарым.
“Түркияның дінді жоғары санауы жеткен жетістіктерді жоққа шығарды”
«Түркияның осы кезге дейінгі мұсылман әлемі мен батыс әлемі арасындағы табиғи дәнекер ретіндегі рөлі түркі экономикасына, түркі мәдениетіне, түркі ғылымына, біліміне қосқан пайдасы әлдеқайда жоғары», – деген саясаткер Түркияның қазіргі діни популистік идеясы мен ұраны, дінді ғылым мен білімнен артық санауы Түркияның осы уақытқа дейін білім мен ғылым саласында жеткен жетістіктерін, туристік дәрежедегі көшбасшылығын 20-30 жылда жоқ қылуы мүмкін деген пікірде.
«Ертеңгі күні лаңкестік және сепаратистік тенденциялар өршіп кететін болса, онда бүгінгі күні Түркияға барып жатқан туристердің саны азаяды», – дейді А. Сарым. Қазіргі уақытта Түркиядан білімді, бәсекеге қабілетті азаматтар кетіп жатыр деген саясаткер бұл өз кезегінде Түркияның даму жолында әсер беретінін алға тартады.
Сондай-ақ, саясаткер қазіргі Түркияның техникалық, менеджерлік элиталары осы кезге дейінгі түрік қоғамының арқасы деген пікір білдірді. «Тіпті қазіргі Ердоған билігі кезіндегі экономикалық өсім де Ердоғанға дейінгі азаматтардың дайындап кеткен еңбегінің жемісі мен нәтижесі», – дейді.
Сабина Ақтай