«Астана күніне орай өтетін мерекелік кештердің бірінде жоқпын»

0
84

2 шілдеде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында сөз алған Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева Астана күніне орай өтетін мерекелік кештердің біріне қатыспайтынын, тізімде жоқ екендігін айтты.

«Соңғы бес жылда мен Мәдениет министрлігінің, президент аппаратының концертінде жоқпын», – деген Халық әртісі концерттерге шақыратындарын, бірақ ертесіне аталған концерттік бағдарламадан алып тастағандарын айтып хабарласатындарын алға тартты.

Астана күніне орайластырылған мерекелік кештерде де дәл осы жағдайдың қайталанғанын айтқан Р. Рымбаева бұның себебін өзі де білмейтінін атап өтті.

Сөз барысында Р. Рымбаева қай уақытта да әндерінің дайын екендігін, шығармашылығы қалыпта екендігін алға тартып, «Мен тек қана жанды дауыста оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқайтын әншімін. Менің деңгейіммен Астана күндерінде өтетін мерекелік концерттерге ұялмай шығуға болады», – деп атап өтті.

«Мен хит әнші, той әншісі емеспін. Қазақстанды шетелде таныстыру қажет болса, мен әрқашан дайынмын», – деп түйіндеді сөзін Халық әртісі.

 

Сабина Ақтай

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз